Ұлт көсемі, Алаш қайраткері

Ұлт көсемі, Алаш қайраткері

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт зиялысы, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің тұңғыш төрағасы Әлихан Бөкейхановтың туғанына 160 жыл толуына орай «Ұлт көсемі, Алаш қайраткері» атты өлкетану сағатын өткізді.

Шараға Шәкәрім атындағы университеттің тарих кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты Айзат Амантайқызы Мұқатаева және 3 курс студенттері қатысты.

Іс-шара барысында кітапхана қызметкері ХХ ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысының көшбасшыларының бірі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы, публицист, ғалым, аудармашы Әлихан Бөкейхановтың өмірі мен қоғамдық-саяси қызметінен ақпарат берді. Сонымен қатар, қоғам қайраткері өмірін қазақ қоғамын ұлттандыру және дамыту үшін күреске арнағаны туралы айтты.

Шара қонағы Айзат Амантайқызы Мұқатаева өз сөзінде, Алаш қозғалысының идеялары мен рухани мұрасының маңыздылығын тілге тиек етіп, ұлттық бірегейлікті сақтау және тарихи құндылықтарды жас ұрпаққа беру үшін Әлихан Бөкейхановтың еңбектерін зерделеудің маңыздылығын атап өтті.

Өлкетану сағаты қорытындысында Әлихан Бөкейхановтың еңбектері, ғылыми зерттеулері мен мерзімді басылымдағы мақалалар ұсынылған «Әлихан Бөкейхан – Ұлттың ұлы тұлғасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

 

 

 

Қалалық орталық кітапхана