
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің №12 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері мәдени мұраны сақтау және насихаттауға арналған «Халық әні - рухани мұра» атты әдеби-музыкалық кеш өткізді.
Шараға «Белсенді өмір сүру орталығының» қызмет алушылары және кітапхана оқырмандары қатысты.
Кездесу барысында кітапхана қызметкері қазақ халқының ән өнерінің даму тарихына қысқаша шолу жасап, халық әндерінің тәрбиелік мәнін және олардың ұлттық рухани құндылықтар жүйесіндегі маңызды орнын атап өтті.
Шара қонақтары «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» қызмет алушылары арнайы шығармашылық бағдарлама дайындады. Күлбану Дырымбетова мен Дәмеш Бұғыбаева қазақтың халық әндерін домбыраның сүйемелдеуімен орындаса, Үмітжан Измайлова өлең оқыды.
Іс-шара жалғасында оқырмандар ұсынылған шығармалардың рухани және мәдени құндылығы туралы талқылауға қатысып, ұлттық дәстүрлерді сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізудің маңыздылығы жөніндегі ойларын білдірді.
Әдеби-музыкалық кеш соңында ән өнеріне арналған басылымдар ұсынылған тақырыптық кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Қалалық орталық кітапхана