
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің 50 жылдығы аясында №12 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері Халықаралық әйелдер күніне орай «Кітапхана ханшайымы – 2026» атты байқау өткізді.
Байқауға кітапхана жүйесінің қызметкерлері – Серікқызы Аружан, Тахмина Шарипхановна Сейтханова, Бақытгүл Жұмағазиновна Стамбекова, Инеш Мейрамбаевна Ахтанова, Сәуле Нұржановна Айтқалиева, Айнұр Тынышықовна Мырзағожинова қатысты.
Іс-шара басында кітапхана қызметкері құттықтау сөз сөйлеп, мерекенің маңыздылығын және мекеменің қаланың мәдени ортасын дамытуға қосқан үлесін атап өтті. Сонымен қатар, кітапхана қызметінің маңызын, кітаптың қоғамның мәдени құндылықтарын қалыптастырудағы рөлін, сондай-ақ тұлғаның рухани дамуының қажеттілігін ерекше атап өтті.
Байқаудың барысы қатысушылардың жан-жақтылығын тексеруге бағытталған төрт кезеңнен тұрды. «Кітаппен өрілген өмір» атты алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін және өз кітапханаларын таныстырып, кәсіби жолы, жетістіктері мен жүзеге асырған жобалары туралы баяндай отырып, тұсаукесер бейнематериалдар, мультимедиялық слайдтар және шығармашылық элементтер көрсетті.
Екінші кезең «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деп аталды. Қатысушылар әдебиет және кітапхана ісі бойынша теориялық әрі жағдаяттық сұрақтарға жауап беру арқылы өздерінің интеллектуалдық деңгейін дәлелдеді.
Рухани даму мен кітап оқу мәдениетін насихаттауға арналған «Ханшайым хаты» бөлімінде қатысушылар жас ұрпаққа арнап кітап оқуға және рухани дамуға үндейтін шығармашылық хат-үндеулер дайындап, көпшілікке ұсынды.
Қорытынды төртінші кезең «Кітапханашы – көпқырлы тұлға» деп аталды. Мұнда қатысушылар еркін форматта вокалдық орындаулар, көркемсөз оқу, сахналық өнер элементтері және өзге де өзін-өзі таныту шығармашылық нөмірлерін ұсынды. Бағалау барысында сахна мәдениеті, орындаушылық шеберлік және ұсынылған нөмірдің эстетикалық деңгейі ескерілді.
Шара жалғасында №35 мектептің 2-сынып оқушысы Қазыбек Медина өзбек биін орындаса, кітапхана қызметкері Букашева Эльмира «Менің қос байтерегім» әнін шырқады.
Сонымен қатар, интерактивтік ойын «Мақалды сурет арқылы толықтырыңыз» және «Бәріміз бірге пазл құраймыз» атты топтық тақырыптық демалыс сәттері ұйымдастырылды.
Байқау бағдарламасының қорытындысында «Кітапхана ханшайымы – 2026» атағы, сондай-ақ I, II және III орындар иегерлеріне арнайы номинациялар табысталып, жеңімпаздар дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.
Сонымен қатар, Балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Мен және менің анам» тақырыбында отбасылық сайыс өтті.
Отбасылық сайысқа «Қуаныш» балабақшасының тәрбиеленушілері мен ата-аналары, №6 гимназияның «8 а» сынып оқушылары және №1 балалар музыка мектебінің оқушылары қатысты.
Іс-шара басында кітапхана қызметкері қатысушыларға слайд-тұсаукесер қолдана отырып, мерекенің қалыптасуы мен дамуына тарихи шолу жасады. Сондай-ақ, қазіргі қоғамдағы Халықаралық әйелдер күні көктем мерекесі, әйел сұлулығы, рухани даналық және жасампаз күш ретінде қабылданатыны, әйелдің отбасылық ошақтың қамқоршысы және қоғамдық өмірдің белсенді қатысушысы ретіндегі рөліне назар аударылды.
Әрі қарай, байқауға қатысқан отбасылардың әрқайсысы ана мен бала арасындағы тығыз эмоционалды байланысты көрсетті.
Шара бағдарламасы бірнеше кезеңнен тұрды:
Сайыстың алғашқы кезеңінде әр отбасы өлең жолдары немесе ән арқылы өздерінің шығармашылық таныстырылымын ұсынды. «Біз бір-бірімізді қаншалықты жақсы білеміз?» кезеңінде ана мен баланың өзара түсіністік деңгейін анықтауға бағытталған жеке сұрақтар қойылды. «Жүйрік ой» (интеллектуалды) кезеңінде викториналық сұрақтарға жауап беріп, ойын жаттығуларын жасап, пазыл құрастырса, «Өнерлі бала, өнегелі ана» атты бөлімінде отбасылық би, ән салу немесе басқа дайындаған өз өнерлерін көрсетті. «Жүректен шыққан жылы сөз» бөлімінде балалар анасына арнаған тілектерін жеткізді.
Қатысушыларға «Ең өнерлі отбасы», «Ең креативті отбасы», «Көңілді отбасы» атты алғыс хаттар мен сыйлықтар табысталды
Шара қорытындысында тарихта аты қалған, саяси, экономикалық, әлеуметтік салаларда жетістіктерге жеткен әйелдер туралы мерзімді басылымдардан мақалалар мен кітаптар қойылған «Әлемнің нұры - әйелдер» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.
Мирный кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері «Қолөнер шеберханасы» үйірме мүшелерінің қатысуымен «Бақыт – ана бар жерде» атты сурет сайысын өткізді.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері 8 Наурыз мерекесінің тарихы туралы айтып, балаларды аналары туралы әңгімелерімен бөлісуге шақырды. Балалар өздерінің аналарының мейірімділігі, сұлулығы мен қамқорлығы туралы, сондай-ақ мамандықтары мен жетістіктерін атап өтті.
Әрі қарай қатысушылар түрлі-түсті қарындаштар, бояулар, гуашь көмегімен түрлі сызбалар жасады. Жасалған материалдар «Ең әсерлі сурет», «Түпнұсқа идея», «Ананың ең жарқын бейнесі» деген номинация бойынша бағаланды.
Байқау қорытындысында жеңімпаздарға мадақтама беріліп, ал барлық қатысушыларға тәттілер таратылып, «Бақыт - ана бар жерде» атты сурет көрмесі ұйымдастырылды.
Жоламан кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері кітапхана оқырмандарының қатысуымен «Көктемгі калейдоскоп» атты мерекелік кеш өткізді.
Іс-шара бастауында кітапхана қызметкері қатысушыларға құттықтау сөз сөйлеп, сұлулықты, сүйіспеншілікті, мейірімділікті және жаңа өмірдің басталуын бейнелейтін көктемгі мерекенің маңыздылығын атап өтті.
Қатысушылар бұл күні алғыс сөздер аналарға, әжелерге, және сүйікті әйелдерге, ең жақын және қымбат адамдарға арналатынын айтып, өз ойларымен бөлісті.
Мерекелік бағдарлама жалғасында еліміздің және әлемнің көрнекті әйелдерінің өмір жолы және қоғамның дамуына қосқан елеулі үлесі туралы танымдық ақпарат ұсынылды. Сонымен қатар, әр түрлі жас санаттарының өкілдері үшін қызықты, әзіл-оспақ викторинасы ұйымдастырылып, кітапхана оқырмандары әндер айтып, мерекеге арналған өлеңдер оқыды.
Шара соңында естелік сыйлықтар беріліп, мерекелік дастархан жайылды.
Қалалық орталық кітапхана