
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапханасында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ерекше іс-шара ұйымдастырылды. Кітапхана ұжымының қызметкерлері бас қосып «Ару аналар – асыл нәзік жандар» атты дөңгелек үстел өткізді.
Іс-шара бірнеше қызықты бөлімнен тұрды және әрқайсысы қатысушылардың жүрегіне жол тапты. Бірінші бөлім - «Жылы сөздер – жүректен» бейнеролигін көрсетумен басталып, онда әрбір қызметкер әріптесінің жағымды қасиетін атап өтіп, камераны келесі қатысушыға табыстады.
Екінші бөлім - «Дәйексөзді жалғастыр» кезеңінде қатысушылар «Ана – бұл …», «Нағыз әйел дегеніміз …», «Бақытты әйел …», «Қыз бала – …» деген сөйлемдерді шығармашылықпен ойланып, өз сөздерімен жалғастырды.
Үшінші бөлімде «Ұжымнан кімді тап?» ойыны ұйымдастырылды. Ойын барысында қатысушылар қызықты деректер мен ерекшеліктері арқылы әріптестерін табуға тырысты.
Төртінші бөлімде «Бір минуттық стилист» шығармашылық бағытта өтті. Қатысушылар 2–3 адамнан құралған топтарда берілген аксессуарларды (орамал, брошь, көзілдірік және т.б.) пайдалана отырып, бір минут ішінде жаңа образ жасады. Дауыс беру нәтижесінде ең ерекше әрі креативті образ анықталды.
Іс-шара «Құпия марапат» салтанатты марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Қатысушыларға «Ұжым даналығы», «Төзім ханшайымы», «Стиль иконасы» атты арнайы номинациялар табысталып, әр номинация иегерінің қадір-қасиеттері жайлы жылы лебіздер айтылып, дипломдар мен мерекелік ленталар тапсырылды.
Сонымен қатар, №2 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері №35 мектептің 4 «Б» сынып оқушыларының қатысуымен «Аяулы менің анашым!» атты шығармашылық шеберханасын өткізді.
Іс-шара басында кітапханашы қатысушыларды келе жатқан Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, оқушыларға аналарды, әжелерді, әпкелерді және мұғалімдерді мерекемен құттықтаудың маңыздылығын еске салды. Сондай-ақ ана әр адамның өміріндегі ең жақын әрі маңызды адам екенін, осы күні ең жылы сөздер мен тілектер тек анаға арналып айтылатынын ерекше атап көрсетті.
Әрі қарай аналар мен мұғалімдерге арналған өлеңдер, құттықтаулар және ізгі тілектер айтылды. Балалар тақырыптық викториналар мен конкурстарға қатысып, белсенділік танытты.
№6 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері «Алтын жас» клубы мүшелерінің қатысуымен «Көркем шығармалардағы әйел бейнелері» атты әдеби панорама өткізді.
Іс-шара басында кітапхана қызметкері қатысушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, әйел адамның отбасы құндылықтарының, рухани дәстүрлердің және адамгершілік қағидалардың сақтаушысы ретіндегі маңызды рөлін атап өтті.
Шара жалғасында нәзік жандылардың тағдырлары шығарманың негізгі арқауына айналып, қазақ қаламгерлерінің туындыларының басты кейіпкерлеріне айналғанын сөз етіп, М. Әуезов «Абай жолы», С.Мұқанов «Ботагөз», Ғ.Мүсіреповтың «Ұлпан» кітаптарына тоқталды. Сондай-ақ Ж.Аймауытов «Ақбілек» романы мен «Күнікейдің жазығы» повесінде әйел тағдырымен қатар, дәстүрлі қазақ отбасындағы құндылықтар тақырыбы қозғалатыны айтылып, тамаша шығармалардағы әйел кейіпкерлері туралы ақпараттар берілді.
Әрі қарай поэзиядағы әйел бейнесінің ашылуына мысал ретінде «Махаббат гимні» жинағы мен Омар Хайямның өлеңдері ұсынылып, А.Куприннің «Гранатовый браслет», «Болдинская осень», А.С.Пушкиннің өлеңдерімен прозалық шығармалары сынды орыс әдебиетінде де әйел бейнесі кең суреттелген шығармалармен қатар, Д.Стил «До конца времен», Е.Вильмонт «Зюзука» және де басқа да авторлардың туындылары қазіргі заман әдебиетінде де әйел образын терең ашатынын тілге тиек етті.
Қалалық орталық кітапхана