Әкімдік отырысында абаттандыру және тұрғын үй мәселелері қаралды

Әкімдік отырысында абаттандыру және тұрғын үй мәселелері қаралды

Қала әкімі Әділет Нұрсағатұлының төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Күн тәртібінде 2026 жылға арналған жоспар, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары, аула аумақтарын жаңарту, сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорына баспана сатып алу мәселелері қаралды.

Қаланы дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2025 жылы Семей қаласында 35 аула абаттандырылса, биыл қалалық бюджет есебінен тағы 35 ауланы жаңарту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, облыстық бюджеттен қосымша 35 ауланы жаңғырту көзделген. Осылайша, аула инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жалғаспақ.

Қала көркін арттыру мақсатында 2026 жылы жалпы көлемі 862 шаршы метрді құрайтын көпжылдық гүлдер отырғызу жоспарланып отыр. Және ағаш көшеттерін отырғызу, көпжылдық гүл егу жалғасын табады.

Бұдан бөлек, тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. 2026 жылы 26 отбасыға пәтер кілттері табысталды, ал жақын уақытта тағы 34 отбасы баспаналы болады. Аталған тұрғын үйлер әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен жетім балаларға берілуде.

Сонымен қатар жастарға арналған «Абай Жастары» бағдарламасы жалғасуда. Биыл 30 жас азаматқа пәтер кілттері табысталмақ.

«Алдымызда тұрған міндеттер нақты әрі ауқымды. Сондықтан әрбір жоспарланған шара уақытылы және жоғары сапада орындалуы керек. Абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс», – деді Әділет Нұрсағатұлы.