Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі басқаруына қалай қайтаруға болады?

Инвестициялық портфельді басқарушының сенімгерлік басқаруындағы  зейнетақы жинақтарын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі  басқаруына қалай қайтаруға болады?

Зейнетақы жинақтарын басқару жөніндегі мүмкіндіктерді кеңейту аясында Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексіне сәйкес, азаматтардың өз жинақтарының бір бөлігін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (ҚРҰБ) сенімгерлік басқаруынан инвестициялық портфельді басқарушының (ИПБ) сенімгерлік басқаруына беруге, қаражатты бір ИПБ-дан екіншісіне аударуға, сондай-ақ ИПБ-ның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы қаражатын қайтадан ҚРҰБ басқаруына қайтаруға құқығы бар.

Осылайша, қолданыстағы заңнама шеңберінде салымшылар бұрын қабылданған инвестициялық шешімдерін жеке қаржылық мақсаттары мен артықшылықтарын ескере отырып, қайта қарауға құқылы.

ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы қаражатын ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруына қайтару тәртібі туралы сауалдардың көп түсуіне орай, БЖЗҚ осындай шешім қабылдаған жағдайдағы іс-қимыл шарттары мен реттілігін түсіндіреді.

ҚР Әлеуметтік кодексінің 5-тарауы 40-бабы 1-тармағы 10-тармақшасына сәйкес, міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) салымшылар, пайдасына жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МЗЖ), ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) аударылған жеке тұлғалар, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алушылар Қорға ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ сенімгерлік басқаруына қайтару туралы өтініштерін зейнетақы жинақтарын сенімгерлік басқаруға берген күннен бастап бір жыл өткеннен кейін ғана беруге құқылы.   

Егер зейнетақы жинақтары бір ИПБ-ға бірнеше рет сенімгерлік басқаруға аударылған болса, зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-қа қайтару оларды сенімгерлік басқаруға алғаш рет аударған күннен бастап кемінде бір жыл өткен соң ғана жүзеге асырылады.

Зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан ҚРҰБ сенімгерлік басқаруына беру тәртібі мен мерзімдері Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА)[1] бекіткен Қағидаларда айқындалған.

ИПБ сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ басқаруына беру тәртібі:

Егер салымшы зейнетақы жинақтарын ИПБ-дан ҚРҰБ-ға қайтару туралы шешім қабылдаса, онда ол «БЖЗҚ» АҚ-ның (БЖЗҚ, Қор) ішкі құжаттарында белгіленген нысан бойынша электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қойылған өтінішін өзі келіп немесе Қордың интернет-ресурсы арқылы береді. Салымшы зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан ҚРҰБ басқаруына қайтаруға өтініш берген жағдайда Қор қаражатты осы өтінішті алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде аударады.

Кейбір жағдайларда зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан ҚРҰБ басқаруына қайтару автоматты түрде жүргізіледі (зейнетақы жинақтарын ИПБ-ның сенімгерлік басқаруынан ҚРҰБ басқаруына қайтаруға өтініш берудің міндетті шарты болмаса):

  • 10 жұмыс күні ішінде – зейнет жасына толғанға дейін;
  • БЖЗҚ-да зейнетақы жинақтары бар адамның қайтыс болуына байланысты зейнетақы төлемдерін (жерлеуге, мұрагерлерге) тағайындау туралы өтініш не заңды күшіне енген сот шешімі келіп түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде, сондай-ақ ҚР Әлеуметтік кодексінде[2] көзделген өзге де жағдайларда, мысалы: мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдардан төлемге өтініш келіп түскен кезде; Қазақстаннан тысқары жерлерге тұрғылықты тұратын жеріне кеткен адамдардан белгіленген құжаттар топтамасы және өтініш түскен кезде, т. б.
  • егер салымшы зейнетақы жинақтарын басқа ИПБ-ның сенімгерлік басқаруына беру құқығын пайдаланбаса, ИПБ-мен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шарт бұзылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде.

Қор ИПБ-ны салымшының қайтыс болуына, заңды күшіне енген сот шешіміне және заңнамада көзделген өзге де негіздерге байланысты жағдайларды қоспағанда, зейнетақы активтерін беру күніне дейін 10 жұмыс күнінен кешіктірмей активтердің сенімгерлік басқаруға берілетіні туралы хабардар етеді[3].  

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын қайтару туралы тиісті өтінішті алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде зейнетақы жинағын қайтарудан мынадай жағдайларда бас тартуға құқылы:

  • салымшының жеке басын куәландыратын құжат өтініш берілген күні жарамсыз болып қалса;

өтініш зейнетақы активтерін ҚРҰБ-тың сенімгерлік басқаруынан ИПБ-ның басқаруына бастапқы берілген уақыттан кейін бір жылдан ерте берілді (зейнеткерлік жасқа толуына, салымшының қайтыс болуына, заңды күшіне енген сот шешіміне, ИПБ-мен сенімгерлік басқару туралы шарттың бұзылуына және заңнамада көзделген өзге де негіздерге байланысты жағдайларды қоспағанда[4]).

Зейнетақы жинақтарын ИПБ сенімгерлік басқаруынан ҚРҰБ басқаруына қайтару өтініште көрсетілген сома шегінде жүзеге асырылады. БЖЗҚ-дан салымшының зейнетақы жинақтарын қайтару туралы төлем тапсырмасын алғаннан кейін ИПБ-ның кастодиан-банкі бір операциялық күн ішінде салымшының зейнетақы жинақтарын ҚРҰБ-тағы БЖЗҚ шотына аударады.

 

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

 

[1] Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 26 мамырдағы «Зейнетақы активтерін инвестициялық портфельді басқарушыға сенімгерлік басқаруға беру және зейнетақы активтерін бір инвестициялық портфельді басқарушыдан екінші инвестициялық портфельді басқарушыға немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық банкіне беру қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы» №28 қаулысы

[2] Кодекстің 220-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларында және 1-1-тармағында, 221-бабы 1-тармағының 2), 2-1) және 3) тармақшаларында, 223-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда;

[3] Кодекстің 220-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларында және 1-1-тармағында, 221-бабы 1-тармағының 2), 2-1) және 3) тармақшаларында, 223-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда;

[4] Кодекстің 220-бабы 1-тармағының 2), 3) тармақшаларында және 1-1-тармағында, 221-бабы 1-тармағының 2), 2-1) және 3) тармақшаларында, 223-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларда;