Семейде полиэтилен өнімдерін шығаратын «MegaPack» ЖШС іске қосылды

Семейде полиэтилен өнімдерін шығаратын «MegaPack» ЖШС іске қосылды

Семейде қаптама материалдарын өндіретін «MegaPack» ЖШС кәсіпорнының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл – қаланың өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған жобалардың бірі.

Ашылу салтанатына қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы қатысып, жаңа өндіріс орнының жұмысымен танысты. Кәсіпорын ұжымын құттықтаған қала басшысы әкімдік әрдайым кәсіпкерлерді қолдауға дайын екенін атап өтті.

Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыты – полиэтиленнен жасалатын түрлі қаптама өнімдерін өндіру. Заманауи технологиялармен жабдықталған өндіріс орны жылына 960 тоннаға дейін пакет шығаруға қауқарлы. Бұл көрсеткіш ішкі нарықты сапалы өніммен қамтып қана қоймай, болашақта өнім көлемін арттыруға да мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда цехта 30-дан астам адам еңбек етуде. Алдағы уақытта жұмыс орындарының санын 100-ге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға оң әсерін тигізеді.

«Бұл – кәсіпкерлік саласындағы маңызды қадам ғана емес, қаламыздың өндірістік әлеуетін арттыратын айтулы оқиға. Жаңа кәсіпорынның іске қосылуы – экономиканың дамуына, жергілікті өндірістің нығаюына қосылған зор үлес. «MegaPack» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тұрақты даму, мол табыс, сенімді серіктестер және биік белестер тілейміз. Қаламыздың экономикасының өркендеуіне қосар үлестеріңіз арта берсін!» – деді Әділет Нұрсағатұлы.

Жаңа кәсіпорынның ашылуы қаладағы шағын және орта бизнестің дамуына тың серпін беріп, өндіріс саласындағы инновациялық жобалардың жүзеге асуына жол ашпақ.