«Қалам мен қайраттың иесі»

«Қалам мен қайраттың иесі»

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері №31 мектептің 10 сынып оқушыларының қатысуымен татар ақыны Мұса Жалилдің туғанына 120 жыл толуына арналған «Қалам мен қайраттың иесі» атты портрет кешін өткізді.

Іс-шараға Қалалық мәдениет сарайының «Ертіс моңнары» халықтық ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Ахунжанов Габдулхак Габдуллұлы, Татар өнер мектебінің ұстазы Ахунжанова Дилянур Рамилевна, сондай-ақ Татар өнер мектебінің тәрбиеленушілері қатысты.

Кеш басында ақынның тауқыметті тағдыры мен майдан жолдары туралы кеңінен баяндалды. Кітапханашы Мұса Жалилдің Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы, жау қолына тұтқынға түсуі және өлім жазасына кесілгеніне қарамастан, рухының жасымағанына тоқталды. Ақынның ерлігі ескеріліп, оған қаза тапқаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені атап өтілді. Әсіресе, ажал құрсауында жүріп жазылған және әлемдік поэзияның құнды мұрасына айналған «Моабит дәптері» жинағына ерекше назар аударылды.

Іс-шара барысында Г. Г. Ахунжановтың сүйемелдеуімен Татар өнер мектебі оқушыларының әдеби-музыкалық тартулары ұсынылды. «Күңелле балачак» ансамблінің орындауында «Мұса Жәлил» және «Семейім» әндері шырқалса, Зере Нәскенова татардың халық әні «Сандугач-күгәрчен» мен орыс халық әні «Валенкиді» орындады. Сондай-ақ, Миндияр Ахунжанов «Минем яраткан җырлар» әнін, ал Таир Бекбаев «Ұлы Жеңіс» әнін шырқады. Мұса Жалилдің татар тіліндегі «Бөрілер» өлеңін Татар өнер мектебінің ұстазы Д. Р. Ахунжанова мәнерлеп оқып берді.

Іс-шара соңында ақын шығармаларының кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге «Моабит дәптері» басылымы (Алматы, 1955 жыл, «Көркем әдебиет» баспасы), ақынның көзі тірісінде латын және кирилл қарпімен жарық көрген сирек басылымдары, сондай-ақ орыс, татар, ағылшын, неміс, чех, чуваш, өзбек және басқа да тілдердегі аудармалары қойылды.

 

 

 

 

Қалалық орталық кітапхана