Ауғанның ащы дәмі

Ауғанның ащы дәмі

Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылған күні аясында Семей қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінде жастарға патриоттық тәрбие беруге, тарихи жадыны қалыптастыруға және ардагерлердің ерлігіне құрмет көрсетуге бағытталған түрлі іс-шаралар өткізілді.

Атап айтқанда, Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері Әскери-техникалық мектептің курсанттарының қатысуымен «Ауғанның ащы дәмі» атты тақырыптық шолу өткізді. Іс-шараға Ауған соғысының ардагер жауынгер-интернационалистері мен әскери-техникалық мектеп директорының орынбасары Азамат Сурауханұлы Қапанов және тәрбиеші Санжан Оразбекұлы қатысты.

Шара барысында кітапхана қызметкері тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын  алған зұлматтың бірі – Ауған соғысының, осыдан 37 жыл бұрын 1989 жылдың 15 ақпанында Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылуы аяқталғанын, бұл оқиға көптеген адамның өмірін өзгертіп, айтарлықтай адам шығынын әкелгенін жеткізді. Сонымен қатар, бұл оқиғаларды саралау жастардың бойында бауырмалдық пен ерлік сезімдерін тәрбиелеуге және бейбіт өмірдің қадірін түсінуге ықпал ететіні баса айтылды.

Әрі қарай сөз кезегінде интернационалист-ардагерлер мен соғыс ардагерлері қауымдастығының өкілдері Ауғанстандағы қызмет жылдары, жауынгерлік бауырластық және ел игілігі жолындағы кейінгі еңбек жолдары туралы естеліктерімен бөлісті Бүгінде бейбіт елдің жастары еліміздің сол соғысқа қатысқан ерлердің ерлігін, Отан алдындағы борыштарын адал атқарған азаматтарымызды  құрметтеп, солардан үлгі-өнеге алса деген ойларын жеткізді.

Іс-шара барысында әскери-техникалық мектеп әкімшілігінің өкілі А. С. Қапанов Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету қоғамның адамгершілік борышы екенін атап өтіп, қатысушыларға естелік алғыс хаттар табыс етті. Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен ғибратты кеңестері жастарға патриоттық тәрбие берудің маңызды негізі екені ерекше айтылды.

Тақырыптық шолу қорытындысында Ауған соғысы оқиғаларына арналған кітап көрмесінде ұсынылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.

Балалар және жасөспірімдер кітапханасында Дарынды балаларға арналған Ш.Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» арнайы ерлер мектеп-лицей-интернаты» КММ-нің жас ұландарының қатысуымен «Айбын! Рух! Ерлік!» атты кездесу кеші өткізілді. Шараға Ауғанстан соғысының ардагерлері мен 36803 әскери бөлімнің қызметкерлері қатысты.

Кездесу басында кітапхана қызметкері Ауған соғысының зардаптары мен оған қатысқан батырлардың өшпес ерліктеріне тоқталып, тарихта таңбаланған оқиғаларды еске алып, ерлікпен қаза тапқан батырлар ешқашан ұмытылмайтынын және жауынгерлердің ерлігін жас буынға насихаттау керектігін жеткізді. Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып, ауған соғысына қатысқан ержүрек  ардагерлер Айдар Манасов пен Нұрлан Көрпешов қызмет барысындағы жеке тәжірибелерімен бөлісіп, елдің бейбіт болашағына сенім білдірді.

Іс-шара барысында қатысушылар жастар арасында патриотизмді қалыптастыру, ерлік, қаһармандық пен жауынгерлік рух құндылықтары туралы сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды. Ардагерлер өз естеліктерімен бөлісіп, практикалық кеңестер бере отырып, жан-жақты жауап қайтарды.

Шара соңында оқырман қауымға ҚР қарулы күштерінің ардагері запастағы майор Чурчитбаев Екпін Маратұлы домбырамен жырдан шашу шашса, жас ұлан ерлер лицейінің оқушы өнерпаздары өнерлерін тарту етіп, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ «Ерлік - ұрпаққа мұра» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ұсынылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.

Цемент кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері Геологиялық барлау колледжі студенттерінің қатысуымен «Ерлікке тағзым – болашаққа өнеге» атты патриоттық кеш өткізді.

Іс-шараға Ауған соғысының ардагері Ахметов Манарбек Оразбекович қатысты.

Кеш басында Ауған соғысының тарихи панорамасы ұсынылды: Кеңес әскерлерінің енгізілу себептері, соғыс қимылдарының негізгі кезеңдері және олардың салдары қарастырылды.

Шара қонағы  қызмет, жауынгерлік бауырластық, өзара көмек, бейбіт тұрғындарға көмек және соғыс уақытындағы қиын жағдайлар туралы естеліктерімен бөлісіп, соғыс кезінде пайда болған тарихи жады мен мәдениеттің бөлігі болған әскери лексикон туралы айтып берді. Сонымен қатар қатысушыларға ауған соғысына қатысқан отандастарымыздың үлесі мен тағдыры, олардың әскери борышын орындау кезіндегі батылдығы мен адалдығы тілге тиек етілді.

Іс-шара қорытындысында ұсынылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.

           

 

 

 

Қалалық орталық кітапхана