
Абай облысының орталығында жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын ретке келтіру жұмыстары жалғасуда. Мамандардың айтуынша, қалада тротуарлар әлі де жеткіліксіз, алайда олардың саны жыл сайын артып келеді.
Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әділбек Увасилов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тұрғындардан тротуарларға қатысты келіп түсетін өтініштер тіркеліп, қаралатынын айтты.
– Қала тұрғындарынан ескертулер түсіп жатыр, біз оларды қадағалап, тиісті шаралар қабылдаймыз. Бөлімде азаматтардың өтініштерімен айналысатын маман бар, өтініштер мен шағымдарға жедел жауап беруге тырысамыз. Сондай-ақ қалада тротуарлар мүлде жоқ деу дұрыс емес. Жаяу жүргіншілер жолдары жыл сайын салынып келеді. Өткен жылы 20 көшеде тротуар салынса, биыл да кемінде осынша көлемде жоспарланып отыр, – деді спикер.
Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының маңындағы учаскелерге және тротуар аса қажет басқа да проблемалы аймақтарға ерекше назар аударылмақ.