
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері «Абай облысы Семей қаласының № 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» КММ-нің мүшелері мен қызметкерлерінің қатысуымен ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына арналған «Мұқағали жыры – ұрпақ үні» атты әдеби кеш өткізді.
Шара барысында кітапхана қызметкері қазақ даласын өзінің құнарлы жырымен сусындатқан, қазақ поэзиясының дарабозы Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына тоқталып, отты жырларымен дараланған туған елін өз жырларына қосып, әр қазақтың жүрегіне салмақты ой сала білген, қайталанбас дарын иесі екенін атап өтті. Сонымен қатар ақынның өмір жолдарынан сыр шертетін бейне ролик көрсетті.
Әдеби кешті Эльмира Серғазықызы Букашева ақынның сөзіне жазылған «Есіңе мені алғайсың» әнімен жалғастырып, Ыбырай Алтынсарин атындағы №37 мектеп-гимназиясының оқушылары ақынның таңдамалы өлеңдерін оқыды.
Шара соңында ақының жарық көрген кітаптары мен мерзімді басылымдар беттеріндегі мақалаларға шолу жасалынды.