
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялаған еді.
Бүгін Alikhan Bokeikhan университетінде мемлекеттік органдарды цифрландыруға арналған «GovTech» жас стартаперлерді қолдауға арналған қала әкімінің грантын табыстау рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы, әкім орынбасарлары, құқық қорғау органдары, басқарма және бөлім басшылары, депутаттар мен БАҚ өкілдері қатысты.
Конкурс нәтижесінде жалпы сомасы 30 миллион теңгені құрайтын грантқа 10 жоба ие болды. Жеңімпаз атанған стартаптар жасанды интеллект, аналитика және онлайн-сервистерді қолдану арқылы тұрғындарға қолайлы қызмет көрсетуді, бизнес-процестердің ашықтығын арттыруды, мемлекеттік органдардың жұмыс жүктемесін азайтуды және жастарға кәсіби бағдар беруді мақсат етеді.
Қала басшысы жеңімпаздарды құттықтап, олардың бастамалары Семей қаласының цифрлық дамуына серпін беретініне сенім білдірді.
«Сіздерді «GovTech» инновациялық стартап-жобалары саласындағы мемлекеттік гранттар бойынша конкурстың аяқталуымен құттықтаймын! Бүгінде аймақ басшысы Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес цифрландыру бағытында нақты жұмыстар атқарылуда. Бұл жобалар қаланың цифрлық инфрақұрылымын нығайтуға жол ашады. Ұсынылған бастамалардың ішінен іріктеліп, үздік деп танылған 10 жоба – жаңа технологияларды енгізуге қуатты қозғаушы күш. Сіздер тек стартапер емес, болашақты бүгіннен бастап қалыптастырып жатқан жаңа буынсыздар. Алға қойған мақсаттарыңыз айқын, идеяларыңыз батыл болсын!», – деді Әділет Нұрсағатұлы.
Жеңіске жеткен 10 жоба:
1) Electronic note – Набока Владислав Денисович;
2) Jidek.kz – Мисайлов Раиф Рафаэльевич;
3) SanEduPortal – Джетенбаев Максат Серикович;
4) Shanyraq – Смағұлов Аслан Айдарұлы;
5) Couche System – Турсын Азамат Сериккалиулы;
6) B&T Platform – Сериккалиева Еркежан Жумадилкызы;
7) Abai Library – Қайратов Әділ Төлеуханұлы;
8) PRIME360.AI – Крюков Владислав Григорьевич;
9) Smart Police AI – Тагиев Адлан Канатович;
10) AI LAW Helper – Ильгекбаев Естай Азатович.
Аталған жобалар қала дамуына бағытталған заманауи цифрлық шешімдердің негізін қалыптастырып, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыруға, экономиканы цифрландыруға және инновациялық экожүйені нығайтуға елеулі үлес қоспақ.