
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапхананың ақпараттық-библиографиялық бөлімінің қызметкерлері 2026 жылғы атаулы күндер тізбесіне арналған «Шежіреге толы туған өлке» атты өлкетану оқуларын өткізді.
Шараға Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Анар Маратқызы Төлеубаева, жазушы, халықаралық «Шабыт» фестивалінің бас жүлдегері, Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік музей-қорығының қызметкері Қуат Қазезұлы Қиықбай, тарихшы, музей ісінің маманы, Шәкәрім университетінің «Шәкәрімтану ғылыми орталығының» қор сақтаушысы Гүлнұр Шалатайқызы Төртенова, сонымен қатар Alikhan Bokeikhan University мен «Көлік колледжі» КМҚК студенттері қатысты.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері биылғы жылы көптеген көрнекті тұлғалардың мерейтойлары аталып өтілетінін айтып, осы тұлғалардың өнегелі қызметін келешек ұрпаққа насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отырған шараның маңызына арнайы тоқталып, атаулы күндер мен тарихи оқиғаларға қысқаша шолу жасады.
Келесі кезекте Абай мұражайының қызметкері Қиықбай Қ.Қ «Алаш қайраткерлері» тақырыбында кең көлемді баяндама жасап, Алаш ұлт-азаттық қозғалысына белсене қатысқан, алайда есімі көп атала бермейтін арыстарымыздың бірі Әнияр Молдабаевтың ұлағатты өмір жолы туралы, сондай-ақ, Алаш қозғалысының белсенді мүшелері Мәннан Тұрғанбаев, Әлімхан Ермеков сияқты ұлт зиялыларының ұлттың болашағы, тәуелсіз ел болу жолында Алаш идеясының маңына топтасып, бірлесе күрескен қайраткерлік қызметтері жайында қызықты ақпаратпен бөлісті.
Бұдан ары шара барысында кітапханашы-библиограф Ахметгалиева Меруерт халық ақыны, фольклоршы, сазгер, КСРО Жазушылар Одағының мүшесі Шәкір Әбеновтің туғанына 125 жыл толуына орай «Шыңғыстаудың бір шыңы» тақырыбында баяндама жасап, ғұлама Шәкір Әбеновтің зор ақындығығынан бөлек, қазақтың ұлттық музыка өнеріне, алаштың рухани мұрасына өзіндік қолтаңбасымен өлшеусіз үлес қосқан тұлға екенін атап өтті.
Сонымен қатар, биылғы жылғы атаулы мерейтой иелерінің бірі жазушы, драматург, абайтанушы Қайым Мұхамедханұлының туғанына 110 жыл толуына орай «Ғалым. Қайраткер. Тұлға» тақырыбында сөз қозғаған «Шәкәрімтану ғылыми орталығының» қор сақтаушысы Төртенова Г.Ш. ғалым ұлы Абайдың мол шығармашылық мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізуді бүкіл ғұмырының мақсаты деп санағанын және осы жолда аянбай еңбек еткенін баяндады.
Тарихи-өлкетану музейінің қызметкері Төлеубаева А.М. қазақ музыкасының жарық жұлдызы Бекен Жамақаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Қазақ вальсінің королі» тақырыбында баяндама жасап, сазгердің 70-тен астам ән жазғанын, сонымен қатар, оның күрделі музыкалық аспаптарда шебер ойнаған көп қырлы дарын иесі екендігін әсерлі әңгімелеп, сондай-ақ сақталған құнды құжаттар туралы айтып өтті.
Шара қорытындысында тамаша адамдардың өнегелі өмірі болашақ ұрпаққа үлгі-өнеге екендігі айтылып, 2026 жылғы мерейтой иелеріне арналған бейнеролик көрсетіліп, «Семей шежіресі сыр шертеді» атты тақырыптық көрме ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.
Қалалық орталық кітапхана