"Ұлттық қор – балаларға": 2025 жылдың қорытындысы бойынша есептеулер

"Ұлттық қор – балаларға": 2025 жылдың қорытындысы бойынша есептеулер

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап еліміздің ең маңызды әлеуметтік жобаларының бірі "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы іске асырылуда.

Бағдарлама жас қазақстандықтардың ересек өмірді табысты бастауы үшін қажет бастапқы жинақтарын қалыптастыруға бағытталған. Жинақтарды тұрғын үй жағдайын жақсартуға және/немесе білім алу үшін  пайдалануға немесе зейнетақы жинақтары ретінде болашаққа сақтап қалуға болады.

Жыл сайын кәмелетке толмаған балаларға олардың БЖЗҚ-дағы шоттарына Ұлттық қордан нысаналы талаптар түріндегі қаржы, сондай-ақ инвестициялық кіріс есептеледі. Балалар кәмелетке толған кезде жинақталған талаптар олардың БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтар түрінде есептеледі.

2025 жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысушы 6 918 656 әр қазақстандық балаға 130,71 АҚШ доллары мөлшерінде кезекті сома есептелді.

Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын Ұлттық қордың[1] инвестициялық кірісінің 50% Қазақстан азаматы саналатын барлық балалар арасында теңдей бөлінеді. Балалар туралы деректер алдыңғы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан алынады.

Сонымен қатар бағдарламаға қатысатын кәмелетке толмаған балалардың бұған дейін қалыптасқан талап сомаларына жыл сайын қосымша инвестициялық кіріс есептеледі.

Бағдарламаға үшінші жыл қатысып келе жатқан балаларға алдыңғы екі жыл үшін 9,95 АҚШ доллары мөлшерінде қосымша инвестициялық кіріс есептелді. Бағдарламаға екінші жыл қатысып отырған балаларға өткен жыл үшін қосымша 3,84 АҚШ доллары көлемінде инвестициялық кіріс есептелді. 

Нәтижесінде бағдарламаға қатысатын балалардың барлық нысаналы жинақтарының жиынтық мөлшері (жыл сайын қосымша есептелетін инвестициялық табысты қоса алғанда) келесі сомаларды құрады: 

  • үшінші жыл қатысатын баланікі 370 доллар 56 цент;
  • екінші жыл қатысатын баланікі 263 доллар 93 цент;
  • бірінші жыл қатысқан баланікі 130 доллар 71 цент.

Инвестициялық кірісті ескере отырып нысаналы талаптардың бір қатысушыға жинақталған сомасы

         

 

(АҚШ долларымен)

Баланың нысаналы талаптарға қатыса бастаған жылы

Нысаналы талаптарды (НТ)

және нысаналы талаптарға инвестициялық кіріс (НТ-ға ИК) есептелген жыл

Бір қатысушыға шаққандағы жинақталған сома

2024

2025

2026

НТ

НТ-ға ИК

НТ

НТ-ға ИК

НТ

2023

100,52

3,04

129,38

6,91

130,71

370,56

2024

х

х

129,38

3,84

130,71

263,93

2025

х

х

х

х

130,71

130,71

 

Естеріңізге сала кетейік, 18 жасқа дейінгі балаларға жыл сайын Ұлттық қордан алынған сомалар олардың БЖЗҚ-да ашылған шоттарында ескерілетін нысаналы талаптар түрінде есептеледі. Бұл ретте балаларға есептелген сомалар Ұлттық қор активтері құрамында қалып, инвестицияланады. Инвестициялауды жалғастырудың арқасында жыл сайын әр баланың нысаналы талаптарының сомасы алынған инвестициялық кіріс есебінен қосымша өсіп отырады.

Бағдарлама басталғаннан бері Ұлттық қордан барлық балаға есептелген қаражат мөлшері шамамен 2,5 млрд АҚШ долларын құрады.   

2026 жылы 356 613 Қазақстан азаматы 18 жасқа толады және олар өздерінің нысаналы жинақтарын пайдалану құқығына ие болады.

Естеріңізге сала кетейік, балалар кәмелетке толатын жылы олардың нысаналы талаптары нысаналы жинақтарға айналып, жыл басында автоматты түрде БЖЗҚ-дағы нысаналы жинақтау шотына АҚШ долларымен есептеледі.

18 жасқа толған күннен бастап олар бұл қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе білім алуға өз бетінше пайдалана алады немесе зейнетақы жинақтары ретінде болашаққа сақтап қалуға құқылы.

Балаларды есепке алудың дұрыстығы мен толықтығы

Бағдарламаға қатысатын балалардың толық тізімін қалыптастыру кезінде БЖЗҚ "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорынан ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы алынған мынадай мәліметтерді ескереді:

  • туғаннан ҚР азаматы болып есептелетін балалар;
  • ҚР азаматтығын туғаннан кейін қабылдаған балалар, азаматтықты қабылдаған күні көрсетілген;
  • ҚР азаматтығын жоғалтқан немесе одан шыққан балалар;
  • қайтыс болған балалар туралы, қайтыс болған күні не қайтыс болды деп жариялау туралы сот шешімі заңды күшіне енген күні көрсетілген;
  • "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорындағы балалар туралы басқа да мәліметтердің өзектендірілгені туралы.

2025 жылдың қорытындысы бойынша бағдарламаға қатысушылардың санын айқындау кезінде сонымен қатар бұған дейін тізімге енгізілмеген, оның ішінде "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорындағы толық емес немесе өзектілігін жоғалтқан деректер анықталған жағдайларды қоса алғандағы балалар да ескерілді. Оларға өткізіп алған кезеңдегі қаражат инвестициялық кіріс есебімен бірге толық көлемде есептеледі.

Ақпаратқа қол жеткізу

18 жасқа толмаған баланың Бағдарламаға қатысуы туралы ақпаратты ата-аналары мен заңды өкілдері баланың ЖСН бойынша kids.enpf.kz. сайты, eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы тексере алады.

Кәмелетке толған қатысушылар enpf.kz сайтындағы жеке кабинетінде, БЖЗҚ мобильді қосымшасында және электрондық үкіметтің eGov mobile мобильді қосымшасында өз бетінше тексере алады.

Жинақтарын пайдалану туралы шешім қабылдағаннан кейін, жастар АҚШ долларында банктік шот ашу және төлемге онлайн өтініш беру үшін уәкілетті операторға жүгінуі керек. Өтінішті интернет-ресурс немесе уәкілетті операторлардың бірінің мобильді қосымшасы арқылы беруге болады: "Отбасы банкі" АҚ (тұрғын үй жағдайларын жақсарту және білім беру ақысын төлеу мақсатында), "Қазақстан Халық банкі" АҚ, "Банк ЦентрКредит" АҚ (білім беру ақысын төлеу мақсатында).

"Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы болашақ ұрпақтың өмірлік мақсаттарына жету үшін қаржылық қорын құруға ықпал ететін ұзақмерзімді стратегия.

Нысаналы талаптарға қатысушылар мен нысаналы жинақтарды алушылар, сондай-ақ нысаналы жинақтарды тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алу ақысын төлеу мақсатында пайдалану жөніндегі статистикамен enpf.kz сайтында танысуға болады. 

 

Тақырып бойынша бейнетүсініктеме – БЖЗҚ ЕНПФ YouTube арнасында.

 

 

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, сондай-ақ "Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерінде орналастырылған депозиттерге міндетті кепілдік беру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес депозиттерге міндетті кепілдік беруді жүзеге асыратын ұйым аударған кепілдік берілген депозит бойынша кепілдік берілген өтемнің талап етілмеген сомасы есебінен қалыптастырылған ерікті зейнетақы жарналарын есепке алып, оның есебін жүргізеді, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ Қор нысаналы активтер мен нысаналы талаптарды есепке алуды, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды (НЖ) есепке алу мен есептеуді, НЖ төлемдерін оларды алушының банк шоттарына есептеуді, "Ұлттық қор – балаларға" бағдарламасы шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен НЖ қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асырады (толығырақ www.enpf.kz сайтында).

 

[1] есепті жылдың алдындағы 18 жыл үшін орташаланған инвестициялық кіріс