
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің №12 кітапхана-бөлімшесінде №30 орта мектептің 10 сынып оқушыларының қатысуымен 2026 жыл - Халықаралық еріктілер жылына арналған «Еріктілік - адамгершілік айнасы» атты Live-story өткізілді.
Шараға Шәкәрім атындағы университеттің студенті «Дала Қырандары» Семей қалалық өңірлік штабының еріктісі Ернат Советұлы Назарбек, «4 лапы» қоғамдық қорының еріктісі Ольга Сергеевна Рисметова, Semey_Lider.Kz еріктілері (белгісіз себептермен жоғалған адамдарға іздеу салу) Павел Евгения, Божко Павел, Уразалина Жанар Маратовна қатысты.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері 2026 жылды БҰҰ шешімімен Халықаралық еріктілер жылы деп жариялағанын айтып, Еріктілік - бұл мейірімділікке, қайырымдылыққа және қоғамдағы оң өзгерістерге ұмтылуға негізделген қоғамдық қызмет екенін атап өтті.
Шара қонағы Ернат Советұлы Назарбек «Дала Қырандары» еріктілер ұйымының басты мақсаты – белсенді жастарды қоғамдық өмірге тарту, өзара көмек көрсету және өзін-өзі жүзеге асыруға жағдай жасау болып табылатынын айтты.
Әрі қарай сөз кезегін алған Рисметова Ольга Сергеевна жануарларды қорғаудың маңыздылығына тоқталды. Жануарлар – табиғаттың ажырамас бір бөлігі екенін, өкінішке қарай, кейбір адамдардың табиғатты ластауы мен жануарларға зиян келтіруі салдарынан көптеген жануарлар саны азайып бара жатқанын тілге тиек етіп, жануарларды қорғау – баршаға ортақ міндет екенін жеткізді.
Сонымен қатар, Semey_Lider.kz еріктілері жоғалған адамдарды іздеудегі жұмыс барысы туралы баяндады. Адамдардың үйінен шығып, қайта оралмай қалатынын, оны іздеп табуға кез келген ақпараттың көмектесетінін, сондықтан қандай да бір хабарландыруды немесе күдікті жағдайды байқаған жағдайда, бұл туралы ересектерге хабарлау өте маңызды екенін айтты. Еріктілерге қоғамның қолдауы аса қажет екені, бірлесіп әрекет еткенде ғана көптеген оң нәтижелерге жетуге болатыны айтылды.
Қатысушылар шара қонақтарының жеке тәжірибесі мен еріктілік қызметтеріне деген ынтасына қызығушылық танытып, ойларындағы сұрақтарын қойды.
Шара соңын қорытындылай келе еріктілік – адамның ішкі жан дүниесіндегі адамгершілік құндылықтардың айнасы, ерікті болу – ешбір міндетсіз, шынайы ниетпен өзгеге қол ұшын созу, ал еріктілік – тек көмек көрсету ғана емес, жүректен шыққан ізгі іс, рухани бай қоғамның берік негізі екендігі атап өтілді.
Қалалық орталық кітапхана