Мұрат кентіндегі өзекті мәселелер қаралды.

Мұрат кентіндегі өзекті мәселелер қаралды.

Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы Мұрат кентінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Жиынға бөлім басшылары мен коммуналдық қызмет өкілдері қатысты.

Мұрат кенті бас жоспарға сәйкес қала сапына енген. Осы орайда азаматтар меншік иесі ретінде құқықтарын растау барысында көптеген кедергілерге кездескенін жеткізді.

Қазіргі таңда тиісті мекемелермен бірлесіп жұмыстар жүргізіліп, анықталған олқылықтар толық қалпына келтірілді. Барлық мекенжайлар арнайы деректер базасына енгізіліп, құжаттандыру жұмыстары жүйелендірілді.

Сонымен қатар тұрғындар жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, балалар ойын алаңдарын салу, қоғамдық көлік бағытын ұйымдастыру, аялдамалар орнату, мал ұстау тәртібі, сондай-ақ медициналық нысан салу мәселелерін көтерді.

«Мұрат кенті Бас жоспарға сәйкес қаланың құрамына кіреді және ол назардан тыс қалмайды. Барлық көтерілген мәселелер тиісті сала басшыларымен бірге жан-жақты қаралып, заң аясында шешіледі. Әр ұсыныс бойынша нақты жұмыстар жүргізіледі», – деді Әділет Нұрсағатұлы.

Кездесу соңында қала әкімі тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешу жолдары қарастырылатынын айтты.