
Жарқын ауылының орта мектебінде Семей қаласының әкімі Әділет Нұрсағатұлы, Жаңасемей ауданының әкімі Нұржан Оразбекұлы Жарқын ауылының тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Бүгінде тұрғындардың басты мәселесі – қала сапынан шығып, Жаңасемей ауданына қосылу. Осыған орай облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасына сәйкес Жарқын ауылын Жаңасемей ауданының құрамына енгізу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Бұл үдеріс қолданыстағы заңнама талаптарына сай жүзеге асырылады.
Сонымен қатар, кездесу аясында денсаулық сақтау саласы, білім беру мәселесі, көлік қатынасының қолжетімділігі, тұрғын үй қатынастары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылымды дамыту мәселелері көтерілді. Қала әкімі тұрғындардың барлық өтініштері мен ұсыныстары жан-жақты қарастырылатынын, оларды шешу жұмыстары кезең-кезеңімен болатынын атап өтті.
«Ауыл тұрғындарының өтінішін тыңдай келе, облыс әкімінің тапсырмасымен Жарқын ауылы Жаңасемей ауданының құрамына енетін болады. Бүгінде заңнама аясында жұмыстар басталып кетті. Сонымен қатар тұрғындарды қоғамдық көлікпен қамтамасыз ету тоқтамайды. Қазіргі уақытта тәулігіне 5 рейске дейін қоғамдық көлік қатынасын іске қосу мүмкіндігі қарастырылуда», - деді Әділет Нұрсағатұлы.
Жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетін болады.