
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері №6 мектеп гимназияның 5 «Ә» сынып оқушыларының қатысуымен жазушы Әдібай Табылдының туғанына 100 жыл толуына арналған «Балалар әдебиетінің атасы» атты әдеби кеш өткізді.
Әдеби кеш басында кітапхана қызметкері слайд-тұсаукесер арқылы оқырмандарға педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин атындағы сыйлықтың иегері, ақын, жазушы, балалар драматургі Әдібай Табылдының өмірі мен шығармашылығынан ақпарат ұсынды.
Сонымен қатар, ғалымның «Халық тағылымы», «Тағылым», «Қазақ этнопедагогикасының методологиясы мен мәдениеттану мәселелері» сынды ғылыми-монографиялық еңбектерін жоғары мектеп оқытушылары оқу-тәрбие ісіне пайдаланып жүргені, сондай-ақ оның пьесалары Қазақстанның қуыршақ театрларының сахналарында, ал сатиралық туындылары республика театрларында сахналанғаны атап өтілді.
Әрі қарай қатысушылар «Мектеп сахынасы» кітабынан «Құстар біздің досымыз», «Телефонның кесірі», «Еркебайдың ертеңі», «Ару қыз» атты жазушы шығармасының сюжеті бойынша шағын сахналық қойылым қойып, көркем шығармаларынан үзінділер оқыды.
Іс-шара соңында жазушының шығармалары мен мерзімді басылымдар бетіне шыққан мақалалары қамтылған «Сөз зергері – Әдібай Табылды» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалып, әдеби викториналық сұрақтармен қорытындыланды.
Қалалық орталық кітапхана