Полиция басқармасы 2025 жылдың қорытынды кеңесін өткізді

Полиция басқармасы 2025 жылдың қорытынды кеңесін өткізді

Қалалық мәдениет сарайында Полиция басқармасының 2025 жылды қорытындылау жөніндегі кеңес өтті. Іс-шараға қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы, Полиция басқармасының бастығы Қайрат Әбдіғалиев, қала прокуроры Дәулет Кенжебеков және полиция қызметкерлері қатысты.

Жиында Полиция басқармасының негізгі бағыттар бойынша атқарған жұмыстары қорытындыланды. Нәтижесінде қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын қылмыстардың, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың азайғаны атап өтілді.

Сонымен қатар, материалдық-техникалық базаны нығайту мақсатында ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынды. Бұл шаралар Полиция басқармасының қызмет тиімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Қала әкімі Әділет Нұрсағатұлы полиция қызметкерлерінің атқарып жатқан еңбегіне алғысын білдірді.

«Семей қаласының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы қажырлы еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Сіздер – қоғамымыздың ажырамас тірегі, заң мен тәртіптің сақшыларысыздар. Кәсіби біліктіліктеріңіз әрдайым жоғары бағаланады. Бүгінде полиция қызметкерлері тек қылмыспен күресіп қана қоймай, әлеуметтік мәселелерге де назар аударып, қоғаммен тығыз қарым-қатынас орнатуға ерекше мән беріп келеді. Полиция мен қоғам арасындағы өзара үйлесімді жұмыс – аса маңызды», – деді қала басшысы.

Жиын барысында бірқатар қызметкер қала әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.