
Қала басшысы Әділет Нұрсағатұлы зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхананың қызметімен танысты. Жалпы ауданы 852 шаршы метрді құрайтын екі қабатты ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне бейімделген. Кітапханада заманауи тифлотехнология кабинеті, Брайль жүйесімен оқу және жазу бөлмесі, дыбыстық әдебиеттер қоры, коворкинг аймағы мен оқу залдары, библиографиялық ақпараттар бөлімі, сондай-ақ әдебиеттерді өңдеу және толықтыру бөлімі жұмыс істейді. Кездесу барысында қала басшысы кітапхананың материалдық-техникалық базасын нығайту, қызмет көрсету сапасын арттыру мәселелеріне ерекше тоқталды.
«Кітап қорын жүйелі түрде көбейту қажет. Қазіргі заман талабына сай барлық әдебиеттерді кезең-кезеңімен цифрландыру маңызды. Ең бастысы — кітапханаға келетін азаматтардың сұранысын ескеріп, олардың қажеттіліктеріне сай қызмет көрсетуге баса мән беру керек. Бұл — инклюзивті қоғам қалыптастыру жолындағы маңызды бағыттардың бірі», – деді Әділет Нұрсағатұлы.
Бүгінде арнайы кітапхананың қоры 40 мың дана кітаптан тұрады. Қала әкімі осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, кітапхана қызметін одан әрі дамыту бойынша тиісті тапсырмалар берді.