
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің №6 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері «Шебер қолдар» үйірмесі аясында №8 ЖОББМ-нің 3 сынып оқушыларының қатысуымен Жаңа жыл мерекесіне арналған «Аяз салған оюлар» атты ертеңгілік өткізді.
Шара басында кітапхана қызметкері Жаңа жыл мерекесі - балалар мен үлкендердің асыға күтетін, әлемдегі қуанышқа толы ең ғажайып мерекелердің бірі екендігін, бұл мерекенің басты символы - Жаңа жыл шыршасы және басты кейіпкерлері Аяз Ата мен Ақшақар екендігіне тоқталды.
Үйірме мүшелері аяздың әсерінен терезе әйнегінде пайда болатын түрлі өрнектердің суреттерін, қыс мезгіліндегі табиғат көріністерін салып, сондай-ақ жаңа жылдық шыршаға арналған ойыншықтар жасап, жасаған ойыншықтарымен жаңа жылдық шыршаны безендірді.
Сонымен қатар, №12 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері «Негеш» клубы аясында №30 мектептің 3-сынып оқушыларының қатысуымен «Біздің сүйікті Жаңа жыл» атты мерекелік кеш ұйымдастырды.
Мерекелік кеш басында кітапханашы балалар үшін Жаңа жыл – шаттық пен қуаныш, арман мен тілектердің орындалатын ерекше мереке екенін айтып, әр елдің Жаңа жыл мерекесін атап өту тарихы мен дәстүрлері туралы қызықты деректермен бөлісті. Сонымен қатар, мерекелік бейнебаян көрсетті.
Шара жалғасында балалар жаңа жылдық өлеңдер оқып, әндер айтып, түрлі ойындар мен сайыстарға қатысты.
Іс-шара соңында «Жаңа жыл – жаңа үміт» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, балаларға арналған ертегілер мен мерекелік әдебиеттер таныстырылды.
Балалар және жасөспірімдер кітапханасында «Умка» клубы аясында №11 ЖОББМ-тің 3 сынып оқушыларының қатысуымен «Жаңа белес, жаңа арман!» атты ертеңгілік өткізілді.
Мерекелік кеш барысында кітапхана қызметкері Жаңа жыл мерекесінің тарихымен таныстырып, бұл ең алдымен, балалар мен бүлдіршіндерге қуаныш сыйлайтын таңғажайып мереке екендігін атап өтті. Сонымен қатар әлемнің көптеген халықтары тойлайтын ортақ мерекенің тарихы да, тойлау дәстүрі де әр түрлі екендігін жеткізіп, Жаңа жыл туралы қызықты деректерді оқырман назарына ұсынды.
Әрі қарай, балалар мерекелік көңіл-күймен Жаңа жылдың басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақарды қарсы алып, барлығы сиқырлы сөзбен әдемі шыршаның шамдарын жақты. Шырша маңына жиналған балалар ертегілер викторинасына қатысып, сөзжұмбақтар шешіп, қысқы ертегілерден пазлдар құрастырды. Сонымен қатар, «Шыршаны әсемде», «Қарды дәл түсір» ойындарында белсенділік таныты. Балалар шыршаны айнала «Ормандағы жасыл шырша», «Жаңа жыл», «Жаңа жылдық ойыншықтар» сынды әсем әндер айтып, көңілді би биледі.
Іс-шара Аяз атаның әдеби, жаңа жылдық киімдер мен мереке туралы, табиғат құбылыстары туралы қойылған сұрақтарымен жалғасып, өнерлі балаларға сыйлықтар берілді.
Мереке қорытындысында қатысушылар Жаңа жылдық фотоссесия жасап, шара тамаша би кешіне ұласты.