
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы орталық алаңдағы жаңажылдық бас шыршаның шамын жағу рәсіміне қатысты. Халықаралық, республикалық олимпиадалар мен спорттық сайыстардың, робототехника жарыстарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері де шараға арнайы шақырылды.
Аймақ басшысы тұрғындарды алдағы Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

Жаңа жыл қарсаңында қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында демеушілердің қаражатымен орталық алаңдағы Арбат бойы жұлдызды аспан шамдарымен безендірілді. Шаһардың әрбір аудандарына 40-тан астам мафтар орнатылды. Сонымен қатар мемлекеттік және жеке кәсіпкерлік ғимараттар аймағы түрлі түсті жарықтармен әшекейленді.
Биыл облыста әлеуметтік маңызы бар нысандар бой көтеріп, жолдар жөнделді, елді мекендердің инфрақұрылымы жақсара түсті. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларында нақты істер атқарылып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізілді.
Шара соңында Әйгерім Қалаубаева, Әділет Жауғашар секілді эстрада жұлдыздары мен жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашып, тұрғындарға мерекелік көңіл-күй сыйлады.