
Семей қаласында Балалар мен жастардың шығармашылық сарайында қала әкімінің атынан балаларға арналған жаңа жылдық шырша мерекесі ұйымдастырылды.
Мерекелік шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар, сондай-ақ оқу, спорт, өнер және қоғамдық өмірде белсенділік танытып, түрлі жетістіктерге жеткен дарынды балалар қатысты.
Алдымен шығармашылық сарай қызметкерлері мен балалар ұжымдары дайындаған театрландырылған қойылым ұсынылды. Одан кейін балалар Аяз Ата мен Ақшақармен бірге ән айтып, би билеп, мерекелік көңіл күйге бөленді.
Іс-шара соңында қала әкімінің атынан барлық балаға жаңа жылдық сыйлықтар табысталды.