
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің қызметкерлері ҚР ІІМ ҚАЖК №19, 20 түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатқандар үшін жазушы Оралхан Бөкейдің шығармашылығы бойынша «Оралханның парасатты пайымдары» тақырыбында кино көрсетілімін өткізді.
Кітапхана қызметкерлері шара қатысушыларына Оралхан Бөкейдің өмірбаянынан қысқаша ақпарат беріп, оның журналист, жазушы болып қалыптасуына Шерхан Мұртазаның ағалық қамқорлығы ерекше әсер еткенін атап өтті. Баланың бойынан жалындаған талант отын байқаған Шерхан Мұртаза оны Алматыға қаламгерлер қауымының ортасына алып келгенін және өмірінің соңына дейін О.Бөкейдің журналистика мен жазушылықты қатар алып жүргенін тілге тиек етті.
Шара барысында Оралхан Бөкей есімі дүние жүзіне танымал екені, жазушының шығармалары көптеген тілдерге аударылып, «Кісікиік», «Сайтан көпір» шығармаларының желісі бойынша көркем фильмдер түсірілгені, «Кербұғы» балеті қойылғаны айтылды.
Әрі қарай экраннан деректі фильм көрсетіліп, жазушы шығармашылығына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге Оралхан Бөкейдің әр жылдары жарық көрген таңдаулы шығармалары қойылды. Атап айтқанда: «Қар қызы», «Атау кере», «Өз отыңды өшірме», «Құм мінезі», «Біздің жақта қыс ұзақ» т.б. повестер мен әңгімелер жинақтары қатысушылар назарына ұсынылып, шолу жасалды. Жазушының туындыларында адам тағдыры, туған жерге деген сағыныш, табиғат пен адам арасындағы үйлесім терең суреттелгендігіне тоқталды.