Тәуелсіздік таңы мәңгілік

Тәуелсіздік таңы мәңгілік

1991 жылғы 16 желтоқсан - төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл - егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн.   

Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау - қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті - бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.

Ел тарихындағы осы айтулы күн қарсаңында «Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің кітапхана-бөлімшелерінде адамгершілік, азаматтылық пен патриотизмді, жастардың белсенді өмірлік ұстанымдарын қалыптастыру, елінің тарихи өткеніне деген қызығушылықтарын арттыру мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілді.

Атап өтсек, Мирный кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері «Тәуелсіздіктің бастауы» атты естелік сағатын өткізді.

Іс-шара барысында кітапхана қызметкері Қазақстанның тәуелсіздік негіздері 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан бастау алғанын атап өтті. Сонымен қатар, желтоқсан оқиғасы қазақ халқының еркіндік пен тәуелсіздік үшін ғасырлар бойы жүргізген ұлттық-азаттық күресінің жалғасы болғанын баяндап, тәуелсіздік үшін күрескен адамдардың тарихымен таныстырды.

Әрі қарай «Ертіс толқындары» ансамблінің мүшелері Отан туралы патриоттық әндер орындап, оқушылар Тәуелсіздік күніне арналған өлеңдер оқыды.

Іс-шара қорытындысында қатысушылар «Болашаққа ұмтылған Қазақстан» атты кітап көрмесімен танысты.

Сонымен қатар, Цемент кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері «Еркіндігім - елдігім, Тәуелсіздік теңдігім» атты танымдық ойын өткізді.

Кітапхана қызметкері Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы даму жолы, мемлекеттің қалыптасуы, экономиканың нығаюы, мәдени мұраның сақталуы және жастардың елдің болашағындағы рөлі туралы баяндап, мемлекеттік рәміздерге, олардың мағынасына және Отанға деген сүйіспеншілік пен құрметтің маңыздылығына тоқталды.

Шара жалғасында «Таныстыру», «Сұрақ-жауап», «Тарихи оқиғалар», «Жеке тапсырма» атты төрт бөлімнен тұратын викторина ойыны ұйымдастырылды. Қатысушылар алдымен жалпы сұрақтарға жауап беріп, кейін жұптармен жарысқа түсіп, тақырыптық бөліктер бойынша тапсырмалар орындады. Соңғы турда әр қатысушы уақыт шектеуімен жеке тестілік сұрақтарға жауап берді. Жеңімпаз дұрыс және жылдам жауаптар саны бойынша анықталды.

Шара соңында ашық көрсетілімде ұсынылған әдебиетке шолу жасалып, қатысушыларға Қазақстанның тарихы, әдебиеті және мәдениеті бойынша кітаптар ұсынылды.

«Тәуелсіздік таңы мәңгілік» атты тарихи-танымдық сабақты №2 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері өткізді.

Кітапхана қызметкері Қазақстан тарихындағы маңызды кезең Желтоқсан оқиғасы туралы айтып, Тәуелсіздік – бұл елін дамыту мен нығайтуға ұмтылған көптеген адамдардың күш-жігері мен мақсатқа жетудегі табандылығының нәтижесі екендігін атап өтті.

Іс-шара барысында оқушылар тәуелсіздік туралы өлеңдер оқып, иллюстрациялар мен фотосуреттерді тамашалап, сондай-ақ «Тәуелсіздік бастауы – Желтоқсан» кітап көрмесімен танысты.