Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – қоғамның ортақ міндеті

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – қоғамның ортақ міндеті

Сыбайлас жемқорлықпен күрес – мемлекеттің ғана емес, қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бұл бағытта елімізде жүйелі әрі кешенді жұмыстар атқарылып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия қабылданып, оның басты мақсаты – қоғамда адалдық қағидатын орнықтыру, құқықбұзушылықтардың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру болып отыр.

Аталған стратегия аясындағы жұмыстар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығына, сондай-ақ Абай облысы әкімдігінің №1 «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау» жобалар тобы мен «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» №4 үлгілік базалық бағытына сәйкес жүзеге асырылуда. Осы құжаттарға негізделген жоспарлар Абай облысы әкімі аппаратының басшысы тарапынан бекітіліп, бүгінде нақты нәтижелер беруде.

Абай облысы құрылған сәттен бастап Семей қаласы әкімі аппаратында дербес бөлімдердің қызметіне бақылау күшейтілді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг нәтижелері тоқсан сайын және жартыжылдық есептерде қаралып, қала әкімінің ресми сайтында тұрақты түрде жарияланып келеді. Бұл – мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі.

Семей қаласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ведомствоаралық комиссияның жұмысы да жүйелі түрде жүргізілуде. Комиссия отырыстарында ең өзекті мәселелер талқыланып, дербес бөлім басшыларының есептері тыңдалады. Қабылданған шешімдер бойынша нақты хаттамалық тапсырмалар беріліп, анықталған тәуекелдерді жоюға бағытталған шаралар іске асырылып келеді. Осы жұмыстардың нәтижесінде қаладағы бірқатар салада сыбайлас жемқорлыққа қарсы бақылау айтарлықтай күшейді.

Квазимемлекеттік сектор ұйымдарына да ерекше назар аударылып отыр. Атап айтқанда, «Семей Водоканал» және «Теплокоммунэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарында комплаенс-офицерлер қызмет атқарады. Олар сыбайлас жемқорлыққа қарсы талаптардың сақталуын қадағалап, мүдделер қақтығысының алдын алуға, сондай-ақ азаматтар мен заңды тұлғалардың өтініштерін заң талаптарына сәйкес қарауға жауапты.

2025 жылдың ақпан–сәуір айлары аралығында Семей қаласы әкімдігінің дербес бөлімдері мен квазимемлекеттік сектор ұйымдарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді. Нәтижесінде кадр қызметтерінің жауапты тұлғаларымен арнайы түсіндіру кездесулері өткізіліп, анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты шаралар қабылданды.

Қоғамда «нөлдік төзімділік» қағидатын қалыптастыру мақсатында түрлі ақпараттық-түсіндіру шаралары ұйымдастырылды. Дөңгелек үстелдер, семинарлар, конференциялар, азаматтармен тікелей теледидарлық эфирлер өткізілді. Бұқаралық ақпарат құралдарында арнайы айдарлар ашылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы мақалалар тұрақты түрде жарияланып келеді. Қала көшелерінде ақпараттық баннерлер орнатылып, мемлекеттік мекемелерде түсіндіру стендтері қойылды.

Сонымен қатар, қала әкімдігі ғимаратында азаматтардың шағымдары мен ұсыныстарына арналған арнайы жәшіктер орналастырылып, әкім мен оның орынбасарларының жеке қабылдау кестелері ілінді. Әлеуметтік желілер арқылы ресми ақпарат тарату жұмыстары да жүйелі жолға қойылған. Мемлекеттік қызметшілерге Ар-намыс кодексі мен қызметтік әдеп нормалары бойынша тұрақты түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп келеді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудың маңызды тетіктерінің бірі – мемлекеттік қызметтерді цифрландыру. Бүгінде көптеген қызметтер кезең-кезеңімен электрондық форматқа көшірілуде. Бұл өз кезегінде қызмет көрсету сапасын арттырып, адами фактордың ықпалын азайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – тек мемлекеттік органдардың міндеті ғана емес, әрбір азаматтың азаматтық борышы. Қоғам болып адалдықты ту етіп, заңға құрметпен қараған жағдайда ғана жемқорлықсыз болашақ құруға болады.