
Қала әкімі Әділет Қожанбаев тазалыққа жауапты мердігер ұйым басшыларымен кезекті кездесу өткізді. Жиынға тиісті бөлім басшылары, инспекторлар, полиция және төтенше жағдайлар басқармасының өкілдері, сондай-ақ мердігер ұйым өкілдері қатысты.
Кездесу барысында бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысы баяндалды. Бүгінде инспекторлар мен құқық қорғау органдары бірлесіп тұрғындармен кездесу өткізіп, қала аумағындағы тазалық мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
«Қала тазалығы бойынша бұл бірінші жиналыс емес. Алайда мәселелер әлі де бар. Мердігер ұйымдардың жұмыс сапасы сын көтермейді. Тұрғындардан келіп түскен шағымдар азаймай отыр. Белгіленген талаптар толық орындалмай, қоқыс уақытылы шығарылмай, қала тазалығы тиісті деңгейде сақталмай отыр», – деп қала әкімі мердігерлердің жұмысына қатаң сын айтты.
Қала тазалығы – тұрғындардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі жауапкершілікпен атқарылуы тиіс екені ерекше атап өтілді.
Кездесу соңында қала әкімі барлық мердігер ұйым басшыларына жұмысты күшейтуді, тазалық талаптарын қатаң сақтауды және тұрғындардан келіп түскен әрбір шағымды жедел шешуді тапсырды. Сонымен қатар бақылау шаралары алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатыны ескертілді.