
Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаевтың төрағалығымен кеңейтілген әкімдік отырысы өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, инспекторлар мен коммуналдық қызмет өкілдері қатысты.
Күн тәртібінде қала тұрғындарының қысқы демалысын ұйымдастыру, ауыл шаруашылығы техникаларына қызмет көрсету сапасы және қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері қаралды.
Қыс мезгілінде Семей қаласында дәстүрлі түрде екі ірі ашық мұз айдыны — Цементник пен Локомотив аумақтарында жұмыс істейді.
Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, биыл балалардың қысқы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін білім беретін мектептердің аумағында 8 мұз айдынын құю жоспарланып отыр.
Алайда қала әкімі аталған шаралардың жеткіліксіз екенін атап өтіп, тұрғындар үшін қысқы демалыс орындарын көбейтуді тапсырды.
«Қыс – балалар үшін ерекше мезгіл. Олар таза ауада еркін демалып, қозғалыста болуы керек. Мұндай жағдай жасау – біздің тікелей міндетіміз. Тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруды күшейтуіміз қажет, - деді Әділет Қожанбаев.
Сондай-ақ биыл техникаларды тіркеу және бақылау бағытында да бірқатар жұмыстар атқарылған. Атап айтқанда, 324 басқару куәлігі беріліп, 46 кепілді тіркеу және тіркеуден шығару қызметі көрсетілген. Бұдан бөлек, 974 техника тіркеліп, қайта тіркеуден өткен, ал 465 техника жыл сайынғы техникалық байқаудан өткізілген.
Отырыс қорытындысына сәйкес, бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар берілді.