
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою үшін халықаралық күрес күні аясында «Зорлық-зомбылықсыз әлемге бірге!» атты дөңгелек үстел өткізді.
Шараға облыстық мәслихат депутаты, Абай облысының балалар құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Эльзира Әуесханқызы Солтабаева, Абай облысы, Семей қаласының отбасы және тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету орталығының маманы Айнұр Ержанқызы Сұлтанбекова, Семей қ. ПБ ОТЗЗҚКБ бастығы, полиция майоры Айнұр Кабдылкакова, №7 емхананың психолог мамандары Арай Мақатқызы Мұсабекова, Аружан Асхатқызы Алдабергенова және Семей медицина университетінің студенттері қатысты.
Шара барысында кітапхана қызметкері қоғам үшін ең бастысы - тәуелсіздік, адамның басты құндылығы оның бостандығы және уайым қайғысыз өмір екенін, сондықтан адамның және адамзаттың құқықтары мен бас бостандықтарын қамтамасыз ету және қорғау Конституциялық заңдылықтың басты талабы - деп атап өтті. Сондай-ақ, елімізді сақтау мен нығайтудағы басты міндеттің бірі – бала құқығын қорғау, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жүргізу және ана мен балаға қатысты зомбылықтың алдын алу шараларын қарқынды жүргізу болып табылатындығына тоқталды.
Қатысушыларға әр отбасы өзі құрған шаңырақты шайқалтпасын десе, ұл мен қыздың тәрбиесіне ерте жастан көңіл бөліп, әр жеткіншек әйел затын қадірлеуді бала күнінен бойына сіңіріп өссе, отбасында зорлық-зомбылыққа орын болмас еді деп жеткізді.
Шара қонағы А.Е.Сұлтанбекова тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғам кеселі. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық адам құқықтарын бұзудың ең көп таралған түрі және оның себептері де көп дей отырып, тұрмыс қиыншылықтарын дұрыс түсініп, бірігіп шешім табу жолын және әйелдердің өз құқығын дұрыс білмеуі, тұрмыс тіршілігінің төмен болуы сынды көптеген жағдайлардан зорлық-зомбылыққа нәзік жандылар ұшырайды деп жеткізді.
Сөз кезегінде А.Кабдылкакова ел өміріндегі өзекті мәселелердің бірі - отбасылық зорлық-зомбылықпен құқық қорғау органдарыда қарсы күрес жұмыстарын жүргізіп жатқандығын және қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қойылатынын әркімнің білуі керектігін айтты.
Шараны «Адам құқығы - бала құқығын қорғаудан басталады және заңға сәйкес тегіне, ұлтына, біліміне, дінге деген көзқарасына қарамастан барлық баланың құқығы тең» - деп Э.Ә.Солтабаева жалғастырып, өмірде болып жатқан жағдайлардан жастарға мысалдар келтіріп, әр отбасында баланың өміріне ең алдымен ата-анасы жауапты екендігіне ерекше тоқталды.
Дөңгелек үстел барысында №7 емхананың психолог мамандары А.М.Мусабекова мен А.А.Алдабергенова нәзік жандыларға қатысты зорлық-зомбылықтың жолын кесу, әйелдердің құқықтық білімін арттыру, ұрпақ тәрбиесі және өзге де мәселелерге тоқталып, студенттермен тренинг өткізіп, сұрақ-жауаппен аяқтады.
Шара қорытындысында оқырман қауым өз ойларын ортаға салып, көкейлеріндегі сұрақтарына мамандардан ұтымды жауаптарын алды.