Ақынның көркемдік әлемі

Ақынның көркемдік әлемі

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасында қазақ тілі және әдебиеті пәнінің ұстазы Сезімгүл Кабышевна Исинаның жетекшілігімен Семей жоғары көп салалы колледжі студенттері және Ы.Алтынсарин атындағы №37 гимназия оқушыларының қатысуымен «Бір ел - бір кітап» акциясы аясында Жұмекен Нәжімеденовтің «Темірқазық» өлеңдер кітабы бойынша «Ақынның көркемдік әлемі» атты әдеби монтаж өткізілді.

Іс-шара барысында кітапхана қызметкері ақынның өмірбаяныны мен шығармашылығын таныстырып, «Темірқазық» өлеңдер кітабы - қазақ поэзиясындағы бірегей туынды болып табылатынын, бұл жинақта Жұмекен Нәжімеденовтің поэзиясындағы ұлттық рух, адамгершілік құндылықтар мен патриоттық тақырыптар кеңінен көрініс тапқанын атап өтті.

Әрі қарай ақынның жүрекке жақын өлеңдерін колледж студенттері мәнерлеп оқып, Нұрай Саятқызы Құрманғазының «Адай» күйін күмбірлете орындап, ұлттық өнер ұлықталып,  ақын рухына музыкалық тағзым жасалды.

«Темірқазық» кітабының басты ерекшелігі - ақынның туған жерге деген сүйіспеншілігі мен оның болашағына деген үміті, сондай-ақ ұлттық сана мен рухтың жаңғыруы туралы терең ойлармен өрнектелген өлеңдерінде көрінеді. Кітапта ұлттық мәдениет, тарих және болашақ ұрпақтың міндеттері жайында айтылған ойлар қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған аса бағалы қазына болып саналады.

Шара соңында «Өркені өсер өлең» кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.

Аталмыш шара жас ұрпақтың әдебиет пен поэзияға деген ынтасын ашуға, сөз өнерінің құдіретін сезінуге ықпал етті.