
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» №12 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері Жұмысшы мамандықтарының жылына арналған «Адал азамат, адал еңбек» атты маманмен кездесу өткізді.
Іс-шараға жеке кәсіпкер, кондитерлік өнімдер маманы Айжан Турсынгазыевна Оразалова қатысты.
Шара барысында кітапхана қызметкері Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағанын, бұл бастама – еңбек пен жұмысшы мамандықтары иелерінің ел дамуына қосқан үлесін мойындаудың айқын дәлелі екенін атап өтті. Сондай-ақ мамандықты дұрыс таңдау болашаққа жол ашатынын, жас ұрпақтың өмірлік табысының кілті ең алдымен адал еңбек пен еңбекқорлықта екенін тілге тиек етті.
Әрі қарай 10 жылдан астам уақыт тәтті өнімдер пісіріп, өзінің шағын кәсібін дамытып келе жатқан жеке кәсіпкер Айжан Турсынгазыевна өз сөзінде мамандық таңдаудың маңызы жөнінде пікірімен бөлісіп, адал еңбектің тек жеке адамның тағдырына ғана емес, бүкіл мемлекеттің өркендеуіне ықпал ететінін баса айтты. Сонымен қатар кондитер мамандығының қыр-сырын түсіндіріп, өз ісін сүйіспеншілікпен атқару табыс пен жетістікке бастайтынын, кондитер болу - тек тәтті пісіру ғана емес, ол үлкен жауапкершілік пен талғампаздықты талап ететін шығармашылық жұмыс екенін атап өтті.
Іс-шара қорытындысында еңбек тақырыбына арналған кітаптар мен мерзімді басылымдар ұсынылып, әдеби шолу жасалды.