
Қала басшысы Әділет Қожанбаевтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиынға әкім орынбасарлары, бөлім және коммуналдық қызмет басшылары мен инспекторлар қатысты.
Күн тәртібінде әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарлармен қамту, «Мектепке жол» республикалық акциясының қорытындысы, қаланың сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстары қаралды.
2025 жылдың 9 айында 137,0 тонна сиыр еті, 112,0 тонна қой еті және 54,1 тонна жылқы еті өндірілді. Сонымен қатар 16,9 мың тонна нан өндіріліп, қамтамасыз ету деңгейі 100%-ды құрады.
«Мектепке жол» акциясы аясында балаларға мектеп сөмкелері табысталып, барлығы 100 бала қамтылды. Сонымен қатар қаланың білім бөлімі халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы 100-ге жуық оқушыға қажетті оқу құралдарын сыйлады. Және Президент тапсырмасы аясында «Жүректен жүрекке» акциясы өткізіліп, 392 оқушы қатысты.
«Барлық бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажет. Әлеуметтік қолдау, қаланы көркейту, инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сапасын арттыру – біздің ортақ мақсатымыз. Әрбір атқарылған іс халық игілігіне бағытталуы тиіс», – деді Әділет Қожанбаев.
Жиын соңында қала әкімі бөлім басшыларына жоспарланған іс-шараларды сапалы әрі уақтылы орындауды, тұрғындармен кері байланысты нығайтуды тапсырды.