Жан шуағы - жақсылық

Жан шуағы - жақсылық

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері Мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға арналған «Жан шуағы - жақсылық» атты қайырымдылық кешін өткізді.

Шараға Семей қаласының «Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» КММ-нің қызметкерлері, тәрбиеленушілері мен ата-аналары қатысты.

Іс-шара барысында кітапхана қызметкері адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасап, бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасау керектігін, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іс жасау әрбір адамның азаматтық парызы деп атап өтті. Сонымен қатар қазіргі таңда еліміздің өзінде елдің игілігі үшін осындай қайырымдылық жұмыстарға кітапхана қызметкерлері де белсенді түрде атсалысып, оқырмандарды рухани қолдау, бос уақыттарын тиімді, мәдени тұрғыда ұйымдастыруға бағытталған көптеген шаралар өткізіп жатқандығын жеткізді.

Қайырымдылық кеші жалғасында көпшілік арасында жəне бір-бірімен сөйлесу барысындағы əдебін қалыптастыруға арналған «Мейірімділік» тақырыбында ойын бағдарламасы өткізілді. Сонымен қатар қатысушылар қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыру мақсатында екі топқа бөлініп «Ойлан, тап!» қызықты ойындарға қатысып, караоке арқылы әндер айтты.

 Кітапхана қызметкері жақсылық жасау - имандылықтың тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі екенін, «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген халқымыздың игі дәстүрі қазіргі кезде қайырымдылықпен жалғасып келеді дей келе, «Нағыз жүрек ісі рақымдылық, мейірбандылық және әртүрлі істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым деп, өзіңе ойлағандай оларға да болса игі еді» деп  ақын Абайдың он төртінші қара сөзімен аяқтады.

Шара қорытындысында бүгінгі қайырымдылық кешіне Нұржан Маратұлының қолдауымен Семей «Додо пицца» орталығы мен «Барыс» дүкенінің әкімшілігі  демеушілік жасап, сыйлықтарын табыс етті.