Қуыршақ театры - ғажайып әлем

Қуыршақ театры - ғажайып әлем

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері «Қуаныш» балабақшасының тәрбиеленушілерінің қатысуымен «Анимация арқылы оқу» жобасы аясында «Қуыршақ театры - ғажайып әлем» атты музыкалық қойылым өткізді.

Музыкалық қойылымның басында кітапхана қызметкері Қазақстандағы қуыршақ театрының тарихына қысқаша тоқталып, кітап театры – бұл белгілі бір әдеби шығарманы сахналық көрініс арқылы көрсету екенін атап өтті. Сонымен қатар, қуыршақ өнері Қазақстанда бетперде киген қуыршақтармен, жыршылардың өнерімен байланысты дәстүрлі халықтық ойын-сауық түрі ретінде пайда болғанын, бірақ кәсіби қуыршақ театры XX ғасырда қалыптасқаны айтылды. Бүгінде қуыршақ театрында ұлттық фольклор мен батырлар жырынан шабыт алып, балаларға арналған қойылымдар қойылады.

Әрі қарай кітапханада жыл бойы жүзеге асырылып келе жатқан «Анимация арқылы оқу» атты жобасы аясында «Кітап театры» жұмыс істейтіндігі, мұнда балалар «Бауырсақ», «Шалқан», «Тырна мен Түлкі», «Алдар Көсе» және басқа да қазақ ертегілерінің желісі бойынша өздері қойылымдар қоятындығы айтылды.

Шара жалғасында балалар өздері қоятын ертегілерін, әр бала өз кейіпкерін таңдап қол қуыршақтармен қойылым көрсетті. Сондай-ақ балаларға «Қай кейіпкер ұнайды және неліктен?», «Ертегі оқығанды жақсы көресіңбе?» деген сұрақтар қойылды.

Іс-шара соңында концерттік номерлер қойылып, «Менің сүйікті ертегілерім» атты  викторина ойнатылды. Балалар өздерінің актерлік шеберліктерін, біліми қабілеттерін көрсетті.