
«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» Балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері Кітапханашылар күніне арналған «Мен таңдаған мамандық!» атты дублер-шоу өткізді.
Шараға кітапхана саласында абыройлы қызмет атқарған кітапхана ардагерлері, кітапханашы жас мамандар, Шәкәрім университеті мен М.Төлебаев атындағы музыка училишесінің студенттері қатысты.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері қаншама жастардың өміріне, болашағына зор ықпал етіп, жарқын болашаққа жол ашып жатқан рухани қазына ордасы, білімнің киелі шаңырағы кітапхана екендігін жеткізе отырып, оқырмандарға үздіксіз қызмет етіп жүрген кітапханашыларды мерекемен құттықтады. Бұл мереке - кітапхана ісінің қоғамдағы орнын және кітапханашылардың маңызды еңбегін дәріптейтін мерейлі сәт және оқырман мен рухани қазынаның арасындағы алтын көпір - бұл кітапханашы маманы деп атап өтті. Сонымен қатар шараға келген студенттердің қызығушылығын танытқан кітапханашының бір күндік жұмысымен таныстырып, оқырмандардың сұрап келген кітабын табуға көмектесіп, тапсырысын қабылдап, кітап қорындағы әдебиеттердің жүйелі түрде орналасу тәртібімен таныстырды.
Шара жалғасында кітапхананың өркендеуіне сүбелі үлес қосқан және осы салада көп жылдар адал қызмет атқарған ардагер кітапханашылар Майра Нурсултановна Мустина, Бубукан Талипбаевна Ержанова, Назгуль Байзолдиновна Идрисова, Даметкен Какешовна Пшембаевалардың еңбек жолдарын үлгі ете отырып, арнайы сөз кезегі берілді. Еңбек жолдарын қарапайым кітапханашыдан бастап, бүгінде үлкен марапатқа ие болып отырған ардагер кітапханашылар жаңашылдыққа бейім жас мамандарға ақыл-кеңестерін айтып, кітапхана саласында басталған еңбек жолдары мен өмірлерінің қызықты кезеңдерімен бөлісіп, өздерінің жүрек жарды лебіздерін білдірді.
Мерекелік шара М.Төлебаев атындағы музыкалық училищесінің аға оқытушысы Болат Еркінбекұлы Камзиннің құттықтауымен жалғасып, жас өнерпаздар Социал Ердәулет, Кәрімхан Нұрдәулет ән-шашуларымен, ардагерлерге арнап жылы лебіздерін білдіріп, көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ шара қатысушылары «Күзгі жапырақтар» атты себеттегі сұрақтарға жауап беріп, қызықты естеліктерімен бөлісіп, мәртебелі мамандық иелеріне шығармашылық табыс тіледі.
Мерекелік шараға «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіподағы» ҚБ Абай облыстық филиалының төрағасы Гүлнар Бақдәулетқызы Оразбекова ел мәдениетінің дамуына қосқан үлестерін ерекше атап өтіп, салалық кәсіподақ ұйымы демеушілік жасап, кітапхана ардагерлеріне сый-құрмет көрсетіп, «Құрмет грамотасымен» марапаттады.