Гүлжан Алтынбекова ашық дауыс беру арқылы Семей қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Гүлжан Алтынбекова ашық дауыс беру арқылы Семей қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы болып сайланды.

Алтынбекова Гүлжан Қайырханқызы – тәжірибелі мемлекеттік қызметкер, қоғам белсендісі. Ол Семей облысы, Ақсуат ауданы, Көкжыра ауылында дүниеге келген.

1981 жылы Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтын «Экономист» мамандығы бойынша аяқтаған. 2008 жылы Көкшетау университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіріп, бакалавр академиялық дәрежесін алған.

Еңбек жолын 1981 жылы «Большевичка» тігін фабрикасында бухгалтер қызметінен бастаған. 44 жылдық еңбек өтілінің ішінде экономика, білім, қаржы және мемлекеттік басқару салаларында түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. Оның ішінде Семей облыстық атқару комитеті, салық инспекциясы, Солтүстік Қазақстан облысының экономика, білім, қаржылық бақылау құрылымдарында, сондай-ақ ҚР Білім және ғылым министрлігінде бөлім басшысы және басқарма жетекшісі лауазымдарын атқарған.

2011 жылдан бастап Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласының білім және экономика бөлімдерін басқарды. Қоғамдық салада да белсенді: «Ақ Ертіс» қоғамдық қорының директоры болды, Абай облысы Қоғамдық кеңесінің 2022–2025 жылдар аралығындағы мүшесі және президиум құрамында жұмыс атқарды.

2019 жылдан бері «Alikhan Bokeikhan University» білім беру мекемесінде Мониторинг және стратегиялық жоспарлау департаментінің басшысы қызметін атқарып келеді. Сондай-ақ университеттің оқу-әдістемелік кеңесінің мүшесі.

Гүлжан Қайырханқызы – еліміздің білім және экономика салаларының дамуына зор үлес қосқан кәсіби маман. Ол — «Нұрлы көш» және ҚР білім беру мемлекеттік бағдарламасын әзірлеу бойынша үкіметтік комиссия мүшесі, халықаралық және республикалық форумдардың қатысушысы. Қазақстан әйелдері съезінің және ТМД елдерінің мұғалімдер съезінің делегаты болды.

Ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 және 25 жыл» мерейтойлық медальдарымен, «Қазақстан экономикасының даңқ жұлдызы» орденімен және басқа да марапаттармен марапатталған.

Қоғамдық және кәсіби ортада беделді тұлға ретінде Гүлжан Қайырханқызы заманауи талаптарға сай ізденуден жалықпай, ел игілігі жолында белсенді еңбек етіп келеді.