Бұл жай ғана тізім емес, бұл – дәуір айнасы

Бұл жай ғана тізім емес, бұл – дәуір айнасы

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасында «100 кітап» жалпыұлттық жобасы аясында «Бұл жай ғана тізім емес, бұл – дәуір айнасы» атты сұрақ-жауап көрмесі өтті.

Көрме барысында кітапхана қызметкері кітап оқу – терең талғам мен риясыз руханияттың өлшемі екенін, кітап оқу арқылы оқырманның пайымды парасаты,  сергек санасы, кемел көзқарасы қалыптасатынын, небір сырлы сезімдерді сөз құдіреті арқылы талай жанның жұмыр етінен өткізіп, жан жүрегіне жеткізетін де - осы ақылдың қазынасы кітап екенін жеткізді. Сонымен қатар, «100 кітап» жобасы - ұлтымыздың болмысын айшықтайтын, қалың оқырманның әдеби талғамын қалыптастыратын, келер ұрпаққа рухани бағыт-бағдар болатын маңызды қадам екенін атап өтті.

Әрі қарай қорытынды тізімге енген кітапханадағы кітаптардан арнайы ұйымдастырылған көрмеге оқырмандардың назары аударылып, тізім құрамына классикалық шығармалардан бастап,  қазіргі заман авторларының да туындылары, көркем әдеби роман мен повестер, өлең жинақтары кіргенін айтып, көрмедегі кітаптарға библиографиялық шолу жасалды.

Шара жалғасында оқырмандар сурет арқылы «Шығарманың атауын тап» ойынын ойнап, тізімдегі кітаптардың атауларын естеріне сақтап, қысқаша мазмұнымен бейнесюжет арқылы танысты. Мысалы: «Ақбілек» романының басты кейіпкері кім?, «Ұлпан» шығармасының авторын ата?, «Абай жолы» романы қай жылдары басылып шықты? сынды сұрақтарға жауап беріп, А.Құнанбаевтың өлеңдерінен үзінділер оқыды.

Шараға қатысушы оқырмандар жобаның өте тиімді, дұрыс бастама екендігін айтып, оны үнемі қолдайтындықтары туралы өз ойларын ортаға салды.