Сенім мен құрмет биігінде

Сенім мен құрмет биігінде

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері жазушы Дәулет Сейсенұлының «Ер қазақ» кітабы бойынша «Сенім мен құрмет биігінде» атты тарихи сабақ  өткізді.

 Іс-шараға журналист, педагог, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Абай ауданының Құрметті азаматы, Семей қаласының Құрметті азаматы, Абай облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Сейсенұлы Алин, сондай-ақ Шәкәрім атындағы университеттің Жоғары білім беру мектебінің 1 курс студенттері қатысты.

Іс-шара басында кітапхана қызметкері оқырмандарға белгілі жазушы әрі журналист Дәулет Сейсенұлының «Абай әлемі» сериясымен жарық көрген «Ер қазақ» атты кітабын таныстырды. Кітапта Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақ КСР-інің Мемлекеттік әнұранының сөзін жазған, Абай атындағы Мемлекеттік музейдің ұйымдастырушысы, абайтану, шәкәрімтану, әуезовтану және алаштану мектептерінің негізін қалаушы Қайым Мұхамедхановтың тұлғасы кеңінен суреттелген. Сондай-ақ, Қайым Мұхамедханов өзінің ұлы тәлімгері М.О.Әуезовтің кеңесі бойынша Ұлы ақын Абайдың мұрасын зерттегені және кеңес дәуірінің қиын кезеңдерінде ұстазына адал болғаны, бұл деректер мысалдар арқылы берілгені атап өтілді.

Аталған шараға арнайы шақырлған қонақ «Ер қазақ» кітап авторының туған ағасы Қ.Мұхамедхановтың шәкірті Мұрат Сейсенұлы Алаштың ақырғы абызы болған ұстазы Қ.Мұхамедханұлының көптеген естеліктерімен бөлісті. Профессор Қ.Мұхамедханұлының ұзақ жылдар бойы Семей педагогикалық институтында оқытушылық қызмет атқарған педагог - ғалым  ұстаздығына қоса әдебиет тарихының өзекті мәселеріне дендеп барып, орыс және өзге әдебиеттердің көрнекті өкілдері туралы ғылыми -танымдық мақалаларын жазғанын баяндады.

Іс-шара соңында Қайым Мұхамедхановтың еңбектері мен оның ғылыми-ағартушылық қызметіне арналған әдебиеттермен қамтылған «Ғалым - педагог» атты көрме ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.