Шомылу маусымы қорытындыланды

Шомылу маусымы қорытындыланды

Қала әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышевтың төрағалығымен төтенше жағдайларды болдырмау және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде шомылу маусымы мен өрт қаупі кезеңінің қорытындысы, сейсмикалық қауіпсіздік шаралары және жылыту маусымының барысы қаралды.

Мәлімделгендей, шомылу маусымы кезеңінде қала аумағында қауіпсіздік шараларын сақтау, су айдындарында кезекшілікті ұйымдастыру және тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу маңызды рөл атқарған. Сондай-ақ өрт қаупі жоғары кезеңде төтенше жағдайлар қызметі мен коммуналдық құрылымдар өзара іс-қимылда жұмыс істегені атап өтілді.

Бекжан Бапышев өз сөзінде жауапты бөлім басшыларына барлық бағыттағы қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.

«Қауіптің алдын алу – салдарына жауап беруден әлдеқайда тиімді. Сондықтан әр сала өз бағытында бақылауды күшейтіп, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударуы қажет. Қыс маусымы жақындап келеді, жылыту жүйелерінің тұрақты жұмысы мен сейсмикалық қауіпсіздік – біздің ортақ міндетіміз», – деді Бекжан Бапышев.

Отырыстың қорытындысы бойынша тиісті бөлімдер мен ұйымдарға нақты тапсырмалар беріліп, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.