Әйел теңдігі әлемдік мәселе

Әйел теңдігі әлемдік мәселе

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері гендерлік саясат бағыты аясында «Әйел теңдігі әлемдік мәселе» атты дөңгелек үстел өткізді. Шараға Абай облысы әкімінің гендерлік теңдік мәселелері  жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Арайлым Магашевна Алимжанова, Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қарлығаш Айтбековна Салюбаева, Семей қаласының  ПБ орталық ЖПҚБ, ЮПТ инспекторы полиция аға лейтенанты Еркебұлан Бейбітұлы Стамбеков және Семей медицина университетінің студенттері қатысты.

Шара басында кітапхана қызметкері «гендерлік саясат» ұғымына қысқаша тоқталып, оның қазіргі қоғамдағы өзектілігін атап өтті. Гендерлік саясат - қоғамдағы және мемлекеттегі ерлер мен әйелдердің барлық салада тең құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жүйесі екендігі айтылды.

Шара қонағы Абай облысы әкімінің гендерлік теңдік мәселелері  жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Арайлым Магашевна қазіргі қоғамдағы әйелдердің отбасылық және кәсіби өмірдегі маңызды рөлін атап өтті. Сонымен қатар, ол бұл тақырыпқа байланысты өмірден алынған бірнеше нақты мысалдармен бөлісті.

Әрі қарай шараны жалғастырған аға лейтенант Еркебұлан Бейбітұлы бүгінгі кітапханада өтіп жатқан іс-шараның өзектілігіне тоқталып, осы мәселе бойынша өз пікірін білдірді. Сонымен қатар сұрақ-жауап сәттері арқылы студенттерге тақырыпты жан-жақты талқылап, қоғамдағы тең құқықтылық, әйелдердің әлеуетін бағалау, қыз балалардың білім алудағы тең мүмкіндіктері  сияқты өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды. Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің бас маманы Қарлығаш Айтбековна өз сөзінде  зорлық-зомбылық көп жерде белең алғанын, осы саяси гендерліктің салдарымен емес, себептерімен күресу керектігін айтты. Зорлық-зомбылық көбінесе ішімдік жүрген жерде белең алатынын, сондықтан әртүрлі келеңсіз жағдайға тап болмас үшін бәріміз бірігіп жұмыс жасау керектігін атап өтті.

Дөңгелек үстел барысында гендерлік саясаттың негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, отбасындағы құқықтар мен міндеттердің тең бөлінуі, әйелдердің құқықтарын қорғау, сондай-ақ дискриминациямен күрес мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, қатысушылар белсенділік танытып, өз пікірлерін білдіріп, жеке тәжірибелерімен бөлісті. Талқылау нәтижесінде гендерлік теңдік - қоғамның тұрақты дамуының ажырамас бөлігі екендігі туралы ортақ түсінік қалыптасты.

Шара соңында «Қазақстандағы гендерлік саясат» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ұсынылған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.