Қарттарға құрмет – зор міндет

Қарттарға құрмет – зор міндет

1 қазан Қарттар күні - бұл тәлім мен тәрбиеге, парасат пен даналыққа толы ғұмыр иелеріне деген құрметтің жарқын көрінісі. Бұл күн - аға буын өкілдерінің ел дамуына қосқан ерен еңбегін бағалап, оларға алғыс білдірудің тамаша мүмкіндігі.

Қариялар - бір елдің шежіресі, ұлттың ұйытқысы. Олардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесі - өскелең ұрпақ үшін сарқылмас қазына. Бүгінгі бейбіт өмір мен дамудың негізінде де олардың маңдай тері, қажырлы еңбегі жатыр.

Осы айтулы күні «Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің қызметкерлері бірқатар шаралар өткізді.

Атап өтсек, Мирный кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері «Ғұмыр жылдарының даналығы» атты кездесу кешін өткізді.

Іс-шара басында кітапхана қызметкері қатысушыларды мерекемен құттықтап, олардың өмір жолына деген терең құрметі мен алғысын білдіріп, әрбір қонаққа жылы лебізін арнады. Олардың өмірге деген оң көзқарасын, мақсаткерлігін, сергектік пен сымбаттылықты сақтай білу қасиеттерін ерекше атап өтті.

Шара қонағы Қалалық ардагерлер кеңесінің өкілі Клара Дүйсембекқызы Байболова өз сөзінде барша қатысушыларға зор денсаулық, сергектік пен өмірлік жігер тілеп, олардың белсенді өмірлік ұстанымына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ, қарт адамдарды әлеуметтік қолдаудың маңыздылығына тоқталып, Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар жөнінде айтып өтті.

 Әрі қарай қатысушылар өздерінің еңбек жолындағы жарқын естеліктерімен, зейнеткерлік кезеңдегі күнделікті өмірімен бөлісіп, сүйікті істері туралы әңгімеледі. Олардың арасында кітап оқуға деген сүйіспеншілік пен әдебиетке қызығушылықтың ерекше орын алатыны байқалды.

Кездесу соңында халық әндері мен әзіл-оспақ өлеңдер орындалып, қонақтар ән салып, би билеп, көтеріңкі көңіл күйде болды. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталып, шара әдебиеттерге библиографиялық шолу жасаумен қорытындыланды.

Сонымен қатар, Жоламан кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде «Мейірімділік пен құрмет күні» атты мейірімділік сағаты өткізілді.

Кітапхана кызметкері бұл күн – өмірдің сан қилы кезеңінен өткен, елге еңбегі сіңген қазыналы қарияларымызға құрмет көрсету күні екенін, сондай-ақ олардың ақыл-кеңестері мен өмірлік тәжірибесі - кейінгі ұрпақ үшін сарқылмас қазына екенін айтты. Осындай күнде ақылын айтып, жол сілтеген ардагерлерімізге, қамқорлыққа мұқтаж жандарға көңіл бөліп, жан жылуын сыйлауымыз керектігі, өйткені мейірім мен құрмет - адамзат баласын жақсылыққа жетелейтін ең асыл қасиеттер екендігі тілге тиек етілді.

 Әрі қарай кітапхана оқырмандары Гульнар Кайсаевна Абаева,  Айне Сайгумаровна Каржасова және Казбек Шакенович Байсеитов құттықтау сөз сөйлеп, «Ана туралы», «Қайдасың», «Бір шәугім шай» әндерін орындады.

Шара қорытындысында кітапханашы: ардагерлеріміздің өмірлік жолы, ерен еңбегі - бүгінгі және келер ұрпаққа үлгі екенін айтып, естелік сыйлықтар табыс етті.

Осы күні №12 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері «Қарттарға құрмет – зор міндет» атты арнау-кешін өткізді.

Кітапханашы шараны ашып, қатысушыларды қарттар мерекесімен құттықтай келе, қарттардың өмірлік тәжірибесі мен ақыл-кеңесінің жастар үшін баға жетпес қазына екенін атап өтті.            Мерекеге орай мектеп оқушылары музыкалық нөмірлер орындап, қарттарға көтеріңкі көңіл сыйлады. Сонымен қатар қатысушыларға арналған көңілді ойындар ұйымдастырылып, белсенділік танытқан қатысушыларға сыйлықтар берілді. Ән-жырдан шашу шашылып, шара мейірім мен қуанышқа толы мерекелік көңіл-күйде өтті.

 Кеш соңында қатысушылар кітапхана ұжымына шынайы алғыстарын білдіріп, аға буын өкілдеріне көрсетілген ілтипат пен құрмет үшін ризашылықтарын жеткізді.

Шара барысында орнаған жылы шырайлы, мейірімге толы атмосфера қатысушылардың көңілінде ерекше әсер қалдырып, жағымды эмоциялар сыйлады.

Шақаман ауылындағы кітапхана-бөлімшесінің қызметкері «Қарты бар елдің, қазынасы бар» атты ұрпақтар кездесуін өткізді.

 Кітапхана қызметкері шара қатысушыларына қазақ халқы қашанда үлкенді қадірлеп, ақылын тыңдап, батасын алуды өмірлік ұстаным еткенін, ұрпақтар сабақтастығын сақтап, жастарды үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуге баулу - тәрбиенің маңызды бір бөлігі екенін айтып, осы мақсатта қариялармен тағылымы мол, тәрбиелік мәні зор кездесу ұйымдастырылып отырғанын жеткізді.

Әрі қарай кездесуге келген ауылдың ақ жаулықты әжелері арнайы шақырылып, олар өмір жолындағы естеліктерімен бөлісіп, бастарынан өткен қиындықтары мен қызықты сәттері туралы әңгімеледі. Жастарға өмірлік тәжірибелерінен сыр шертіп, өнегелі ақыл-кеңестерін айтты. Сонымен қатар қазақ халқының бай салт-дәстүрлері, ұлттық тәрбие, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу сынды маңызды тақырыптарды кеңінен қозғады.

Кездесу кеші жалғасында 4-5-сынып оқушылары Шакабаева Нүрия мен Аман Рабия жүрек тебірентерлік «Ана» әнін орындап, сонымен қатар Әдемі Амангельдиева, Асқарова Гүлнұр және Жұмаділова Қарақат әсерлі өлең жолдарын оқып, музыкалық нөмірлер ұсынды. Жас дарындардың бұл өнері жиылған жұртшылыққа ерекше көңіл-күй сыйлады.

Іс-шара соңында дастархан жайылып, қарияларға құрмет көрсетілді. Жылы жүзді, мазмұнды бұл кездесу - ұрпақтар сабақтастығының көрінісі ретінде есте қалды.