Семейде заңсыз орнатылған гараждарды алу жұмыстары жалғасуда

Семейде заңсыз орнатылған гараждарды алу жұмыстары жалғасуда

Қала әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышевтың төрағалығымен әкімдік отырысы өтті. Жиынға бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының және коммуналдық қызмет өкілдері қатысты.

Күн тәртібінде бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Атап айтқанда, заңсыз орнатылған металл гараждар мен дүңгіршектерді анықтау, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау шаралары, сондай-ақ автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстауға дайындық барысы талқыланды.

Жыл басынан бері 411 заңсыз орнатылған темір гараж анықталған. Қазіргі уақытта оларды алу жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Сонымен қатар, кәсіпкерлер мен өз ісін бастауға ниетті азаматтарға ақпараттық қолдау көрсету жұмыстары белсенді атқарылып келеді. Биылғы жылы барлығы 328 кеңес беріліп, оның ішінде 156 үміткерге мемлекеттік грант алу ережелері жөнінде түсіндірме жүргізілген.

Қала жолдарын қысқы күтіп-ұстау бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. 2024-2025 жылдар аралығында Семей қаласынан жалпы көлемі 198 мың текше метр қар шығарылды. 2025–2026 жылдардың қысқы маусымына дайындық кестеге сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар күнделікті бақылауда.

Қала әкімінің міндетін атқарушы жауапты бөлімдерге нақты тапсырмалар беріп, жұмыстың қарқынын бәсеңдетпеу қажеттігін атап өтті.

«Әрбір мәселе – қала тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан бей-жай қарауға болмайды. Біз нақты нәтижеге жету үшін жұмысты жүйелі әрі қарқынды жалғастыруымыз қажет», – деді Бекжан Бапышев.