«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері Еңбек күніне арналған «Адал еңбек бейнесі» атты кездесу кешін өткізді.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін арттыру және жұмысшы мамандықтарын насихаттау мақсатында жастарға елдің өркендеуіне өз еңбегімен елеулі үлес қосқан адамдар туралы айтып берді.
Шара қонақтары Амангелді Жұмакұлов пен Электротехника колледжінің мұғалімі Перизат Ахатұлы Жаппаров жастарға жұмысшы мамандықтарының маңыздылығы туралы өз ойларын ортаға салып, еңбек адамына құрметпен қараудың мәніне тоқталды. Сондай-ақ еңбегі әрдайым қадірленген ұлттың болашағы жарқын болатынын тілге тиек етіп, адал да шығармашыл еңбектің нәтижесінде қол жеткізілген табыстарды мысалға келтірді. Бұл жетістіктердің қоғам мен ел дамуына қосқан зор үлесін де атап өтті. Сонымен қатар, жүректілікті қажет ететін еңбек жолындағы қиын да, қызықты сәттерін баяндай келе жастарды еңбекке, татулыққа, тәрбиелілікке шақырды.
Әрі қарай №1 балалар музыка мектебінің оқушысы Іңкәр Ерғалиқызы халық әні «Қызылқұмда ауылым» мен Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады. Ал Мұхамбеткәрім Айбар гитарамен «Жорға» әнін шеберлікпен орындап, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Кездесіу кеші еңбек туралы мақал-мәтелдермен жалғасып, шара қатысушылары өздерінің кәсіби жоспарларымен және таңдаған болашақ мамандықтары туралы ойларымен бөлісті.
Шара соңында еңбек тақырыбына арналған әдебиеттерге библиографиялық шолу жасалды.