KitapTime – 2025

KitapTime – 2025

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің қызметкерлері қала тұрғындары арасында кітап оқуды кеңінен насихаттау, рухани даму жолында жастарды ынталандыру және мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізу мақсатында 24 қыркүйек - «KitapTime-2025» жалпы республикалық кітап фестивалі аясында шаралар топтамасын өткізді.

Атап өтсек, Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері «Кітап - ой әлемі» атты BookFest өткізді.

Фестиваль аясында ашық кітап көрмесі, еркін пікір алмасу алаңдары, әдеби викториналар мен жас оқырмандарға арналған танымдық ойындар ұйымдастырылды. Қатысушылар кітапхана қорындағы жаңа әдебиеттермен танысып, кітапхана қызметтері жөнінде жан-жақты ақпарат алды.

Әрі қарай шара қатысушыларына «Сүйікті кітап кейіпкері» атты еркін микрофон айдары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, «Сіз бұл кейіпкердің орнында болсаңыз не істер едіңіз?», «Кітап оқудың пайдасы қандай?», «Қандай кітап оқуға кеңес бересіз?» және т.б. сұрақтар қойылды. Шараға оқырман қауым белсенді қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Сонымен қатар, Шығыс кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде «Кітап оқыңыз, достар!» атты әдеби вернисаж ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында оқушылар түрлі қызықты тапсырмаларға қатысып, белсенділік танытты. Сондай-ақ кітап иллюстрацияларын қарап, шығарманың атауы мен авторын анықтауға тырысты. Бұл тапсырма оқушылардың зейінін дамытуға және көркем әдебиетке деген қызығушылықтарын оятуға ықпал етті.

Шара жалғасында оқушылар арасында білімдерін сынауға арналған шағын сайыс ұйымдастырылып, балалар әсерлі өлеңдер оқып, өздері оқыған кітаптардың мазмұнын әңгімелеп берді.

Әдеби вернисаж соңында кітап көрмесіндегі әдебиеттерге шолу жасалды.