Тіл - білімнің кілті

Тіл - білімнің кілті

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» Қалалық орталық кітапхана қызметкерлері Қазақстан халқының тілдер күні аясында «Тіл - білімнің кілті» атты Quiz ойынын өткізді.

Шара Қазақстан Республикасының жалпы техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары оқу орындарының өзге ұлт студенттері арасында өтті.

Кітапхана қызметкері шара 2023-2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын дамыту тұжырымдамасына, Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңына, сондай-ақ Үштілділік тұжырымдамасын іске асыру аясында жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сонымен қатар, Quiz ойынының мақсаты - Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары оқу орындарында білім алып жүрген өзге ұлт өкілдері студенттерінің арасында мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және оның қолданыс аясын кеңейту екенін айтты.

Әрі қарай кітапханашы қатысушыларды ойынның шарттары және ережелерімен таныстырып, оның 3 кезеңнен тұратынын атап өтті.

Бірінші кезең - «Үй тапсырмасы». Осы кезеңде әр қатысушы өздерін қазақ тілінде креативті түрде таныстырды.

Екінші кезең - «Сөздің көркі – мақал». Мұнда қатысушылар экранда көрсетілген ұяшықтарды таңдап, ішіндегі мақал-мәтелдердің жалғасын тауып, тақырыпқа сай өздері де бір немесе бірнеше мақал-мәтел айтты.

Үшінші кезең - «Жалғасын тап». Бұл бөлімде қатысушылар Абай Құнанбайұлының өлеңдерінен оқылған үзіндінің жалғасын тапты.

Байқау нәтижесі бойынша әділ қазылар алқасының шешімімен «Alikhan Bokeikhan University» студенті Жирова Яна Олеговна және Қайнар колледжінің студенті Сафронова Роксалана Денисовна белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды. Жүлделі үшінші орынды М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің студенті Сиротина Валерия Александровна, екінші орынды Шәкәрім университетінің студенті Божко Валентина Юрьевна, бірінші орынды Көлік колледжінің студенті Чайкина Камила Юрьевна иеленді. Ал бас жүлдені Шәкәрім университетінің студенті Мухаммад Усама Шахид жеңіп алды.

Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Шара соңында «Тіл - мемлекеттілік пен бірліктің негізі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, әдебиеттерге библиографиялық шолу жүргізілді.