«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің қызметкерлері Арбат алаңында Қала күніне орай өткізілген «Кітап FEST» шарасында кітап көрмесін ұсынып, Bookcrossing ұйымдастырды.
Іс-шараға №31 ЖОББМ-нің 8-сынып оқушылары және «Асық» әдеби-мәдени клубы мүшелері қатысты. Клуб мүшелері «Отбасы хрестоматиясы» баспасының кітаптарын көпшілік қауымға ұсынды.
Шара барысында қатысушылар Семей қаласының тарихы мен мәдениетіне қатысты танымдық сипаттағы сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынауға мүмкіндік алды. Қаламен байланысты айтулы тарихи оқиғалар, маңызды кезеңдер мен естеліктерді қамтыған сұрақтар олардың туған өлке туралы танымын тереңдетуге бағытталды. Сонымен қатар, келушілер Семей қаласының қалыптасуы мен даму жолын баяндайтын тарихи-библиографиялық басылымдармен, жаңа әдебиеттермен және кішкентай оқырмандарға арналған кітаптармен танысты.
Іс-шара аясында жергілікті ақын-жазушылардың шығармаларына ерекше назар аударылып, олардың еңбектері арқылы танымал тұлғалар мен қаланың мәдени келбеті жөнінде тың мәліметтер ұсынылды. Бұл өз кезегінде қатысушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттырып, туған жерге деген құрмет сезімін нығайтуға ықпал етті.