Оқырмандар мен жастарды Семей қаласының бай тарихымен, мәдениетімен және ұлы тұлғаларымен таныстыру, туған жерге деген сүйіспеншілікті арттыру, патриоттық сезім қалыптастыру, сондай-ақ өлкетану бағытындағы әдебиеттерге қызығушылықты ояту мақсатында «Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қарасты «Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің қызметкерлері «Қала күніне» орай іс-шаралар өткізді.
Атап айтсақ, Қалалық орталық кітапханада Авиценна жоғары медициналық колледжі студенттерінің қатысуымен «Туған өлке – тұнған тарих» атты quiz-ойыны өткізілді.
Шара басында кітапхана қызметкері қатысушыларды Қала күнімен құттықтап, бұл мерекенің тарихы мен маңызы туралы қысқаша айтып өтті. Сонымен қатар, Семей қаласының Қазақстандағы ең көне мәдени-ағарту орталықтарының бірі екені, бұл мекен ұлы тұлғалар - Абай Құнанбайұлы, Шәкәрім Құдайбердіұлы және Мұхтар Әуезовтің өмірі мен шығармашылығында маңызды рөл атқарғаны да атап өтілді.
Іс-шараның негізгі бөлігі Quiz ойыны форматында өтті. Қатысушылар мен қонақтарға ойынның мақсаты мен ережелері таныстырылып, жеребе тарту рәсімінен кейін қатысушылар топтарға бөлінді. Бірнеше тақырыптық айналымнан тұратын викторина барысында Семей қаласының тарихы, қаламен байланысты белгілі тұлғалар мен мәдениет қайраткерлері, көрнекті орындары, экономика, мәдениет және спорттағы жетістіктері туралы сұрақтар қамтылды.
Іс-шара соңында, өлкетану бағыты бойынша кітаптар таныстырылып, библиографиялық шолу жасалды. Қатысушылар шара туралы өз ой-пікірлерін ортаға салып, алған әсерлерімен бөлісті.
Сонымен қатар, Мирный кентіндегі кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері қала қонақтары мен тұрғындарының және мектеп оқушыларының қатысуымен Арбат алаңында Қала күні аясында «Ертістегі қала» атты кітап шеруін өткізді.
Іс-шара барысында «Семей - рухани мәдениет орталығы» атты көрме ұйымдастырылып, көрмеге Ертіс өңірінің классиктері және замандас жазушыларының шығармалары, қала тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін басылымдар қойылды. Сонымен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары қазіргі Семейдің көрікті жерлерімен және «Кеңестік Семей» атты фотокөрмемен танысу мүмкіндігіне ие болды.
Сондай-ақ қатысушылар үшін «Қала туралы не білесің?» атты әдеби викторина ұйымдастырылды. Бұл бөлімде қатысушылар Семей қаласының тарихы, мәдениеті мен әдеби өміріне қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін сынады. Викторинада Абай Құнанбайұлының шығармалары, оның Семеймен байланысы және қала туралы жазылған өлеңдер мен әдеби үзінділер ерекше орын алды.
Әрі қарай жас қатысушыларға арналған танымдық және белсенді ойындар болды. Балалар мен жасөспірімдер топқа бөлініп, логикалық тапсырмалар орындап, шығармашылық және тіл дамыту бағытындағы жаттығуларға қатысты. Бұл ойындар олардың ой-өрісін кеңейтіп, туған қаласына деген қызығушылығын арттырды.
№12 кітапхана-бөлімшесінің қызметкерлері қала тұрғындарының қатысуымен М.Әуезов алаңында «Ұлағатты өлке - Абай, ұлылар мекені – Семей» атты ашық аспан астындағы кітапхана ұйымдастырды.
Іс-шара барысында кітапхана қызметкері Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығына, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалардың Семеймен байланысты тұстарына көпшіліктің назарын аударды. Сонымен қатар Семей өңірінің тарихи және мәдени мұрасымен таныстырды.
Шара жалғасында жергілікті ақын, «Көктүрік» кітабының және «Семейім саған аманат» әнінің авторы Медет Демежан сөз алып, өз шығармашылығымен бөлісті. Ол жүрек тербейтін, туған жерге деген шексіз сүйіспеншілікті бейнелейтін «Ертісім» атты өлеңін тебірене оқып, қатысушыларға ерекше рухани әсер сыйлады.
Сонымен қатар қатысушылар «Сен туған қалаңның тарихын білесің бе?» атты Семей қаласының тарихи-мәдени мұрасына, ұлы тұлғаларына және маңызды оқиғаларына негізделіп, қатысушылардың туған өлке жайлы танымын арттыруға бағытталған танымдық викторинаға қатысып, ерекше белсенділік танытып, өз білімдерін сынға салды.
Әрі қарай кітапханашы «Туған өлке – тұнған тарих» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасап, шара қатысушылары туған жерге деген ыстық ықыластарын «Туған қалам - Семейім» әні арқылы жеткізді.