Отбасы саулығы – ұлт байлығы

Отбасы саулығы – ұлт байлығы

«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-нің Балалар және жасөспірімдер кітапханасында Әбілқановтар, Апузовтар отбасының және Көлік колледжінің 3 курс студенттерінің қатысуымен Отбасы күніне арналған  «Отбасы саулығы – ұлт байлығы» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Дөңгелек үстел барысында кітапхана қызметкері отбасы құндылығы – қай заманда да, қай елде де мемлекет саясатының темірқазығы, ардақ тұтар қазынасы екендігін, қоғамдағы әр отбасының босағасының беріктігі – мемлекет іргетасының мығым әрі кемелдігінің кепілі болатынын атап өтті. Сондай-ақ,  қазақ халқы қашанда отбасын қасиетті құрылым ретінде қабылдап, зор маңыз беріп, мәнін қорғағаны, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп отбасындағы ұрпақ тәрбиесінің маңызын айқындағаны баса айтылды.

Шара қонағы Әбілқановтар отбасының анасы Жанат Нұрахметқызы Сембаева сөз кезегінде, отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің мұралар мен салт-дәстүрлердің сақтаушысы, деп өз отбасында ұстанатын дәстүрлерімен, отбасын құрғаннан кейінгі қызықты сәттерімен бөлісті. Сонымен қатар Апузовтар отбасының анасы, әскери сала қызметкері, кіші сержант Маулида Апузова отбасындағы бала тәрбиесіне тоқталып, жас ұрпақ – өмірімізді жалғастырушы ғана емес, еліміздің тірегі, жарқын болашағы екенін, баланың білімді болуы ең алдымен ата-анадан, отбасынан басталатынын айтты. Сондықтан баланың басты ұстазы – ата-ана екенін, бала тәрбиесінде және оның денсаулығына мән беріп, ақыл-ойы дұрыс өсіп-жетілуіне ең алдымен ата-ана жауапты екендігін атап өтті.

Әрі қарай «Отбасы - бақыт ошағы» бейне-тұсаукесері көрсетіліп, қатысушылар отбасы туралы ой-пікірлерін ортаға салды. Сонымен қатар, отбасын құрудағы дайындық, бақытты отбасы болу үшін не істеу керек және отбасындағы қарым-қатынас жайлы әңгіме өрбітті.

Іс-шара соңында отбасы берекелі, тату болу үшін сыйластық, мейірімділік, жанашырлық, бауырмалдық қасиеттер әр адамның жүрегінен орын алуы керектігі айтылып, «Отбасы – тіршіліктің тірегі» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалды.

 Әбілқановтар отбасы «Ана», «Бір бәйтерек, бір шынар» атты әдерін орындап, оқырмандарға көтеріңкі көңіл - күй сыйлады.