«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» Мирный кентіндегі кітапхана-бөлімшесінде қазақтың ұлы ағартушысы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған «Абай лирикасы – қазақ поэзиясының шыңы» атты әдеби кеш өтті.
Әдеби кешке кітапхананың тұрақты оқырмандары мен «Ертіс толқындары» ансамблінің мүшелері қатысты.
Кітапхана қызметкері қонақтарды ақын әндерімен қарсы алып, кең түрде қаламы әлем поэзиясында із қалдырған ұлы ойшыл, ақын Абайдың өмір жолымен таныстырды.
Әрі қарай халық қазынасы саналатын Абайдың таңдамалы шығармаларына шолу жасалып, үйірме мүшелері Жақан Әйгерім, Кенжебаева Әмина, Найманбаева Динара Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін оқып, қазақ халқының біртуар перзенті Абай Құнанбаевтың бейнесін оқыған шығармалары арқылы ашты.
«Ертіс толқындары» ансамблінің мүшелері М.Мурзабаева мен М.Отынбаева Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айсыз түнде жарық ай», «Қаламқас» әндерін орындады.
Шара соңында кітапханашы Абай шығармашылығы көптеген халықтардың назарын аударғаны, оның шығармалары көптеген тілдерде айтылатынын айтып, «Абай лирикасы - қазақ поэзиясының шыңы» кітап көрмесіндегі әдебиеттерге шолу жасады.