«Семей қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-сі «Семей қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ-нің қолдауымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе» атты поэзиялық батл өткізді.
Байқаудың мақсаты - қазақ халқының біртуар перзенттерінің мұралары мен өмірін насихаттау. Оқырмандарды ұлы бабалар мұрасын терең игеріп, танымдық мәнін меңгеруге талпындыру. Қатысушылардың интеллектуалдық пайым-парасатын арттырып, ой-өрістерін кеңейту.
Байқауға «Ауыл» партиясы Абай облысы бойынша өңірлік филиалының мүшесі Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы, №36803 әскери бөлімнің сержанты Амантолеуов Жанболат Фазылғалиұлы және Геологиялық барлау колледжінің мұғалімі Мукашова Гаухар Бекежановна қатысып, белсенділік көрсетті.
Поэзиялық батлға қатысушылардың өнерін айтыскер ақын, ұстаз, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Дәметкен Омарбаева, Абай атындағы қазақ музыкалық драма театрының аудармашысы, жазушы, Халықаралық «Шабыт» жастар фестивалінің лауреаты Айгерім Қиықбай және дәстүрлі әнші, №28 Жалпы орта білім беретін мектептің музыка пәні мұғалімі Бақытжан Түктібаев бағалады.
Батл 3 кезеңнен тұрды:
1-кезең. Абайға арнау. Бұл кезеңде қатысушылар Абай Құнанбайұлына арналған өздерінің авторлық өлеңдерін оқыды. Өлеңде Абайдың өмірі, мұрасы, даналығы көрініс тапты.
2-кезең. Абайды жаңаша оқу. Бұл кезеңде қатысушылар Абайдың бір өлеңін таңдап, оны өз стилінде /мысалы: рэп, мәнерлеп оқу, драмалық оқу және т.б./ орындады. Мұндағы мақсат - Абай поэзиясын бүгінгі күннің тілімен, жастарға жақын формада жеткізу.
3-кезең. Жалғасын тап. Бұл кезеңде әр қатысушыға ережеде көрсетілген Абай Құнанбайұлының өлеңдерінен 2-3 тармақ үзінді көрсетіліп, қатысушылар өлеңнің жалғасын тапты.
Үш кезеңді қамтыған шарада қатысушылар Абай шығармашылығын терең түсініп, әрбір өлең жолдарын ойлана оқып, өнерлерін шынайы көңіл-күйлері арқылы көрсете білді.
Байқау қорытындысы бойынша Мукашова Гаухар Бекежановна 1 орын, Омарғалиев Ерік Қайратбекұлы 2 орын, Амантолеуов Жанболат Фазылғалиұлы 3 орын иеленді. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтар және грамоталармен марапатталды.
Қалалық орталық кітапхана